Әскери қызмет кезінде қаза тапқан Алмас Көбеновтің отбасының қазіргі жағдайы туралы жаңа мәлімет айтылды. Бұл жөнінде қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев жазба жариялаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алмас Көбенов Маңғыстау облысының Баянды ауылында тұрған бес балалы отбасының кенже ұлы болған. Оның екі ағасы да бұған дейін әскери борышын өтеген.
Белсендінің мәліметінше, марқұмның анасы Меруерт Дүйсенбаева ішек қатерлі ісігінің екінші сатысымен күресіп жүр. Ол қазір химиотерапия қабылдауда. Ал әкесі Жүсіп Оразалиев жұбайының жағдайына байланысты тұрақты жұмыс істей алмайды.
Отбасының айтуынша, Алмас қаза тапқан күні анасы онкологиялық ауруына байланысты ем қабылдауы тиіс болған. Алайда қайғылы жағдайдан кейін емін үй жағдайында жалғастыруға тура келген.
Отбасының үлкен ұлы Қылмыстық-атқару жүйесінде қызмет етеді. Ал тағы бір ұлы жұмыс істеу үшін Ақтөбе облысына кеткен. Ата-анасы оның туған жеріне оралып, Маңғыстаудан жұмыс тапқанын қалайды.
Азамат Сәрсенбаевтың жазуынша, жергілікті атқарушы органдар Алмас Көбеновті жерлеуге байланысты шығындарды өтеу мақсатында отбасына материалдық көмек көрсеткен.
Сонымен қатар отбасының қаржылық жағдайы да күрделі екені айтылады. Несие бойынша мерзімі өткен төлемдерге байланысты олардың банк шоттары бұғатталған. Сол себепті қазіргі уақытта көмек ретінде ақша аударуға болатын қолжетімді есепшоттар жоқ.
Белсенді қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына уәде етілген өтемақының толық көлемде төленуі маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Алмас Көбеновтің отбасына да елеулі қолдау болар еді.
Дереккөз: Ozgeris.info