Қазақстан азаматтарына бағытталған кибершабуылдарға қатысы бар деген күдікпен 18 адам Украинада қамауға алынды. Бұл туралы Құрылтай аясындағы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, киберқылмыстың шекарасы жоқ. Мұндай шабуылдардың едәуір бөлігін бірнеше елде қатар әрекет ететін трансұлттық топтар ұйымдастырады. Сондықтан күдіктілерді анықтау мен цифрлық дәлелдерді жинауда шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс ерекше маңызға ие.
«Кибершабуылдар әртүрлі елден жасалады. Шетелдік әріптестерімізбен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 20-дан астам орталық анықталды. Қазір 18 адам Украинада қамауда отыр. Мұндай қылмыстарды көбіне трансұлттық топтар жасайды. Сондықтан кез келген қауіпке дайын болуымыз қажет», – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, әрбір кибершабуылды Қазақстанға әдейі бағытталған әрекет деп бағалауға болмайды. Себебі алаяқ топтар бір мезетте бірнеше мемлекеттің азаматтарын нысанаға алуы мүмкін.
Қазақстанның Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияға қосылуы да халықаралық ынтымақтастықты жеделдетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында отандық құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен және интернет-провайдерлермен тікелей ақпарат алмаса алады. Бұл қылмыскерлердің цифрлық іздері жойылып кетпей тұрып, қажетті деректерді сақтап қалуға көмектеседі.