Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев оқу-жаттығу жиындары әскерилердің өміріне қауіп төндірмеуі қажет екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутат Құрылтай отырысында бірқатар ұсыныс жасады:
- "Оқу-жаттығу аумағын дрондар арқылы үздіксіз бақылауға алу қажет. Әр қатысушыда жеке электрон белгі болғаны жөн. Бұл оның орналасқан жерін кез келген уақытта анықтауға мүмкіндік береді.
- Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуге тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс.
- Адамның физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғы енгізу қажет. Ол жүрек соғысы сияқты негізгі көрсеткішті бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы және теңіздегі толқын туралы ақпарат бір орталыққа үздіксіз түсіп тұруы керек. Қауіп деңгейі артқан жағдайда оқу-жаттығудың қауіпті бөлігі дереу тоқтатылуға тиіс.
- Әр оқу-жаттығуға бірыңғай қауіпсіздік паспорты әзірленуі маңызды. Онда қатысушылар медициналық тексерістен өткені, қауіп-қатер картасы, эвакуация бағыты, құтқару тобының құрамы және ауа райына байланысты шектеулер көрсетілуге тиіс. Оқу-жаттығу өтетін аумақ та алдын ала мұқият тексерілуі керек".
Оның айтуынша, үш ай ішінде оқу-жаттығулар кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын әзірлеп, алдымен бірнеше өңірде сынақтан өткізген жөн. Нәтижесі оң болған жағдайда осы стандартты барлық өңірге енгізу қажет.
"Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Басты мақсаты - төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету. Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруға тиіс", - деді Аббат Өрісбаев.