Атап айтар болсақ, 2015-2017 жылдардың аралығында құрама жем зауыты, үй құрылысы комбинаты секілді 4 бірдей кәсіпорын ашылып, 400-дей адам жұмыспен қамтылған.
Өңір басшылығы үдемелі дамудың екінші 5 жылдығында аймақтағы техникалық мамандарға деген сұранысты 5 мыңға дейін арттыруды көздеп отыр.
Айталық, алдағы уақытта Арал ауданында салынатын кальцийлендірілген сода шығару зауытына полимер, технолог-химиктер ауадай қажет. Ал Қаратаудың қойнауындағы қорғасын-мырыш және ванадий кеніштерін игеруге инженер-металлургтер керек.
Бұл орайда қажетті мамандарды шетелден әкелмеу мақсатында аймақ жастары 3 жылдан бері Ресейдің озық техникалық оқу орындарында білім алып жатыр.
Жергілікті мамандардың алғашқы легі өңір кәсіпорындарына келесі жылдан бастап жұмысқа қабылдана бастайды.
Аймақтық облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденованың айтуынша, әзіргі күні негізінен тау-кен ісі, машина жасау, металлургия саласының мамандары мен өндірісті автоматтандыру саласы бойынша мамандар даярлануда.
Ал алдағы жылы іске қосылатын шыны зауытына білікті мамандарды әзірлеу үшін Қызылорда қаласындағы Әбдікәрімов атындағы агротехникалық колледжде шыны балқыту мамандығы ашылып, оқыту жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетелік, шыны зауытына 180-дей жаңа шыны кесетін және балқытатын мамандар қажет. Осы жерде оқуын бітірген мамандар шыны зауытына жұмысқа алынатын болады.