Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Индонезияға кіру ережелерін еске салды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Индонезия Сыртқы істер министрлігінің шешіміне сәйкес 2026 жылғы шілдеден бастап Қазақстан азаматтары Индонезия Республикасына 30 күнге дейін визасыз кіре алады.
Визасыз кіру режимін енгізу туралы шешім қабылдау кезінде Индонезия тарапы өзара түсіністік қағидатын басшылыққа алған. Бұған дейін Қазақстан Индонезия азаматтарына Қазақстанға визасыз кіру және ел аумағында 30 күнге дейін болу құқығын берген болатын. Осылайша, екі елдің ұлттық паспорттарының иелеріне 30 күнге дейінгі мерзімге визасыз кіру және елде болу режимі қолданылады.
Индонезия тарапы белгілеген талаптарға сәйкес визасыз кіру тегін жүзеге асырылады және бір рет кіруге мүмкіндік береді. Ел аумағында болудың рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі - келген күннен бастап 30 күн.
"Бұл ретте азаматтарға Индонезияға кіру кезінде қолданылатын жалпы талаптарды ескерген жөн. 2025 жылғы 1 қазаннан бастап шетелден Индонезияға келетін барлық жолаушы All Indonesia бірыңғай электрон декларациясын толтыруға міндетті. Электрон декларацияны толтыру тегін және оны Индонезияға келгенге дейін алдын ала рәсімдеуге болады", - деді СІМ өкілі.