SIM-box арқылы халықты алдаған 24 адам 8 жылға сотталды

SIM-box арқылы халықты алдаған 24 адам 8 жылға сотталды
pixabay.com

Қазақстанда SIM-box арқылы азаматтарға жаппай алаяқтық қоңырау шалған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Сот ұйымдасқан топқа қатысушылардың келісілген түрде әрекет еткенін, әрқайсысына белгілі бір рөл берілгенін және олардың әрекеттерін ұйымдастырушылар үйлестіргенін анықтады», — деп хабарлады Қарағанды облысының прокуратурасы.

Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 24 сотталушыны кінәлі деп танып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Сот анықтағандай, топ мүшелерінің басым бөлігі Қазақстанға Ресейден келген. Кейбір қатысушылар ұйымдастырушылардың тапсырмасымен қажетті жабдықтарды алу үшін Ресейге барған.

Орындаушылар негізінен Telegram арқылы ізделген. Оларға белгілі бір қалаға келіп, тұрғын үй жалдау, SIM-box құрылғысын алу немесе жеткізу, оны интернетке қосу, қазақстандық операторлардың SIM-карталарын орнату және жабдықтың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылған.

Бұл жұмысы үшін қатысушыларға тәулігіне 50-ден 100 долларға дейін сыйақы төленген.

Іс бойынша негізгі дәлелдердің бірі сотталғандардың телефондарынан табылған Telegram хаттары болған. Хабарламаларда жабдықты орнату және техникалық қызмет көрсету, SIM-карталарды ауыстыру, тапсырмаларды орындау және үйлестірушілерге есеп беру жөніндегі нұсқаулар жазылған.

SIM-box-қа қосылған телефон нөмірлері арқылы азаматтарға алаяқтық қоңыраулар жасалған. Қаскүнемдер өздерін мемлекеттік органдардың, банктердің, «Қазпошта» АҚ және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған.

Олар азаматтардан растау кодтарын алып, несие рәсімдеуге және ақшалай қаражат аударуға көндірген.

Сотталушылар кінәсін мойындамаған. Алайда прокуратура ұсынған дәлелдемелер олардың ұйымдасқан қылмыстық әрекетке қатыстылығын растаған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.