Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Алтай Республикасында болған жол апатынан зардап шеккен Қазақстан азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, қаза тапқандардың мәйітін елге жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандық дипломаттар жергілікті билік органдарымен, медициналық мекемелермен және зардап шеккендердің туыстарымен жедел байланыс орнатқан.
Қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп, қаза тапқандардың мәйітін Қазақстанға жеткізу мәселесі пысықталуда. Ведомство бұл мәселе ерекше бақылауда екенін атап өтті.
Еске салайық, жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні Ресейдің Алтай Республикасындағы Ұлаған ауданында болған. Жол апаты салдарынан Қазақстанның екі азаматы оқиға орнында көз жұмды.
Тағы бір қазақстандық түрлі дәрежедегі жарақат алып, Горно-Алтайск қаласындағы республикалық клиникалық ауруханаға шұғыл жеткізілген.
Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапының құзырлы органдарымен, дәрігерлермен және зардап шеккендердің туыстарымен тұрақты байланыс жалғасып жатқанын мәлімдеді.