АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинді Ақ үйде салтанатты қабылдаумен қарсы алды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл – Си Цзиньпиннің соңғы он жылдан астам уақыт ішіндегі АҚШ-қа жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Қытай басшысы жұбайы Пэн Лиюаньмен бірге Америка Құрама Штаттарына үш күндік мемлекеттік сапармен келді. Оларды Вашингтон маңындағы Эндрюс біріккен әскери-әуе базасында АҚШ президенті Дональд Трамп қарсы алған.
Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары таратқан мәлімдемеде Си Цзиньпин Бейжің мен Вашингтонның «бәсекелес емес, серіктес болуы тиіс» екенін атап өтті.
«Қытай халқының ұлы жаңғыруына қол жеткізу және Американы қайтадан ұлы мемлекетке айналдыру ұмтылыстары қатар жүзеге аса алады. Екі ел бір-бірінің табысына ықпал етіп, соның нәтижесінде бүкіл әлемге пайда әкеле алады», – деді Қытай төрағасы.
Сондай-ақ Си Цзиньпин АҚШ президентімен екіжақты қарым-қатынастардың маңызды мәселелері мен жаһандық ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасуды күтетінін жеткізді.
АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынаста сауда, жасанды интеллектіні дамыту, Вашингтонның Иранға қатысты саясаты және Тайвань мәселесі ең өзекті тақырыптардың қатарында қалып отыр. Дегенмен сарапшылар бұл сапар нақты келісімдерден гөрі дипломатиялық рәсімдер мен символикалық іс-шараларға көбірек мән беретінін айтып отыр.
Өз кезегінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі диалогтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ пен Қытай – әлемдегі ең ірі екі экономика және ең қуатты әскери күштердің иелері.
Сапар аясында Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Ақ үйдегі Овальды кабинетте келіссөз жүргізеді. Сонымен қатар Ақ үйде мемлекеттік банкет ұйымдастырылады. Үш күндік сапар жұма күні Ақ үйдегі шай рәсімімен және АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы сақталған Ұлттық архивке барумен аяқталады.