Швейцария Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектесетін болды

Кәмшат Тілеухан 06 қар. 2024 11:15 1457

Швейцария Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға көмектесетін болады. Екі ел арасында осындай келісімге қол жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2024 жылы 5 қарашада ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың Берн қаласына (Швейцария) жасаған сапары барысында Швейцарияның Бас прокуроры Штефан Блаттлермен және Швейцарияның Федералдық әділет офисі директорының орынбасары Лоренс Фонтана Юнгомен келіссөздер жүргізілді. Тараптар қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың және заңсыз активтерді қайтарудың тетіктерінің тиімділігін арттырудың  өзекті мәселелерін талқылады", делінген хабарламада.

Қадағалау ведомствосының басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалар, 2023 жылғы шілдеде қабылданған заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң, Қазақстанның Бас прокуратура жанында тиісті комитеттің, сондай-ақ қайтарылған қаражатты әлеуметтік-экономикалық маңызды жобаларды қаржыландыру үшін бөлетін арнайы қордың құрылуы және 2022 жылдан бері Қазақстанға 3,5 миллиардтан астам доллар қайтарылғаны туралы айтты.

Қазақстанның Бас прокуроры шетелдік, соның ішінде швейцариялық инвесторларды құқықтық қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, бұл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

Бас прокурор Блаттлер мен Директордың орынбасары Фонтана Юнго Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады. Швейцария Әділет басқармасының өкілдері Қазақстанның қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропалық конвенцияға қосылуға деген ұмтылысын қолдады.

Сапардың қорытындысы бойынша тараптар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы өзара түсіністік туралы үкіметаралық Меморандумға қол қойды. Құжатқа Қазақстанның Үкіметі атынан Бас Прокурор, ал Швейцария Үкіметі атынан Федералдық әділет басқармасы Директорының орынбасары қол қойды.

Меморандум екі елдің қылмыстық істер бойынша дәлелдемелер мен ақпарат алмасу, соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерін жеделдетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Швейцария Бас прокурорының пікірінше, бұл құжатқа қол қою елдер арасындағы серіктестікті айтарлықтай күшейтіп, қаржылық қылмыстармен күрестегі бірлескен күш-жігерді нығайтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар