ШҚО-да 436,1 мың гектар жерге егін егілді, бұл жоспарланған көлемнің 70 пайызын құрайды. Бұл туралы ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Каджибекова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz
2025 жылы облыстағы жалпы егістік көлемі 618,1 мың гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,8 мың гектарға көп. Атап айтқанда, дәнді дақылдарға 252,6 мың гектар, майлы дақылдарға 224,5 мың гектар бөлінген. Оның ішінде 207 мың гектары күнбағысқа арналған. Сонымен қатар, картоп пен қарақұмық егілетін алқаптар да ұлғайтылған.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі басты жаңалықтардың бірі – заманауи себу техникасының кеңінен енгізілуі. GPS-навигация және қашықтан басқару жүйесімен жабдықталған кешендер агротехникалық талаптарды дәл сақтауға, тұқым мен жанармайды үнемдеуге, әрі егіс жұмысын айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік беруде. Мұндай кешен бір күнде 100–150 гектар жерді өңдей алады.
Шаруаларды жанар-жағармаймен қамту үшін 15,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген, оның 46 пайызы бүгінде жеткізілді. Сонымен қатар, 44,2 мың тонна минералды тыңайтқышқа келісімшарт жасалып, 40 мың тоннасы өңірге жеткізілді.
Егіс науқанына қаржылай қолдау да көрсетілуде. «Кең дала 2» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында 96 ауыл шаруашылығы өндірушісі жалпы сомасы 7,3 млрд теңгеге несие алды. Бұдан бөлек, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 5,9 млрд теңге бөлініп, тағы төрт шаруашылық қаржыландырылды. Облыстық бюджеттен тұқым шаруашылығын, тыңайтқыш пен пестицидтер құнын арзандатуға, сондай-ақ суармалы суды жеткізуге 5,1 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінді.
Мемлекеттік қолдау мен цифрлық технологиялардың арқасында шығысқазақстандық диқандар көктемгі науқанды сапалы әрі уақытылы жүргізіп, мол өнімнің негізін қалауда.