Өскемендегі «Титан» ат спорт клубының «иппотерапия» әдісін қолданып оңалтудың оң әсері Шығыс Қазақстан облысының басқа аудандарына да тарады. Ағымдағы жылы жобаны Риддер қаласында және Ұлан ауданында жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Шығыс арғымағы» жылқы көрмесінде айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz
"Қазақстан Паралимпиада құрамасының құрамы жеті адамнан тұрса, оның алтауы біздің спортшыларымыз екенін ерекше мақтанышпен атап өткім келеді. Жылда біздің спортшылар халықаралық жарыстарда тек бірінші орындардан көрінеді. Арнайы Олимпиада бағдарламасындағы ат спорты ерекше мақтанышқа лайық. Біздің команда Лос-Анджелестегі Бүкіләлемдік жазғы ойындарға, Мәскеуде өткен халықаралық жарыстарға қатысып, екі алтын, бес күміс және бір қола медаль жеңіп алды", - деді облыс әкімі.
2009 жылдан бастап клуб ерекше балалар денсаулығын қалпына келтірудің жаңа бағытын сәтті жүзеге асырып, иппотерапия әдісін қолдану арқылы сауықтыру сабақтарын өткізетін әдістемелік орталыққа айналды.