Шығыс Қазақстан облысында қызылша жұқтырғандар саны 200-ден асып кетті.
Бүгінгі таңда өңір бойынша 219 адам қызылша жұқтырды. Науқастардың 49,3%-ы ересектер, 35,1%-ы 14 жасқа дейінгі балалар, 15,5%-ы жасөспірімдер.
«Сырқаттанғандардың дені екпе алмағандар немесе вакцинация туралы мәліметтері жоқ адамдар. Нақты айтқанда, 7 адам - жоспарлы вакцинация жасына жетпегендер, 24 пациент медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе салдырмағандар, 33 адам вакцинациядан бас тартқандар, 4 науқас екпе алу мүмкіндігін өткізіп алғандар. Ал 44 адам вакцина алса да ауырса, 107 адамның иммундық мәртебесі белгісіз», - дейді ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Оның айтуынша, өткен жылдың 6 қарашасынан бастап 6-11 айлық балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина салу науқаны жүргізілуде. Желтоқсан айынан егу мәртебесіне қарамастан 2-4 жастағы балалар да вакцина алуда.
Сол уақыттан бастап осыған дейін облыс бойынша 6-дан 11 айға дейінгі 3482 бала, 2-4 жастағы 19 935 бала екпе салдырды.