Кеңес барысында ШҚО өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабының басшысы А. К. Есімбекова жоба аясында атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріп, оң нәтижелерді атап өтті, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттермен таныстырды.
ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жігер Байділдин өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтың негізгі мақсаттары мен міндеттерін түсіндірді.
– Ақпараттық-ағартушылық штабтың міндеті халық арасында, құқық қорғау және мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында парасаттылық мәдениетін қалыптастыру бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады, – деп атап өтті Ж.Байділдин.
Сондай-ақ, ол жоба аясындағы, әсіресе ТЖ режимі кезіндегі белсенді жұмысы үшін өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтың басшысы Арайлым Есімбековаға, штаб мүшелері Ермек қажы Тасболатұлына, Олег Чернышовқа алғысын білдірді.
– Ел үшін қиын кезеңде штаб мүшелері өзекті мәселелер бойынша тұрғындар арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келіп түскен барлық хабарламаларға дер кезінде жауап беріп отырды. Олар сондай-ақ білім беру мекемелерінде «парасаттылық сағатын» өткізуге белсенді қатысты, – деді ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары.
Кеңес соңында өңірлік ақпараттық-ағартушылық штаб жұмысын одан әрі жандандыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы және парасаттылық қағидаттарын түсіндіру бойынша әртүрлі форматты іс-шаралар өткізу, адалдық, әділдік, парасаттылық сияқты жалпыадамзаттық қасиеттерді насихаттауда діни бірлестіктердің әлеуетін кеңінен пайдалану ұсынылды.