ШҚО-да орман өрттерінің алдын алу шаралары күшейтілді

Ақтоты Жапатова 19 там. 2025 16:14

Шығыс Қазақстан облысында орман қорының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері жалпы аумағы 192,8 гектарды қамтыған 14 өрт тіркелді, оның 5,1 гектары – орманды жерлер. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

- Жаз мезгілінде өрттің шығу себептері әртүрлі. Мысалы, Самар және Ұлан аудандарында өрттің басым бөлігі найзағай салдарынан болған. Ал басқа аудандарда себеп көбіне адам факторы – табиғат аясында демалу, от жағу кезінде отты дұрыс пайдаланбау, – деді Мерхат Әміров.

Аумақты бақылау және патрульдеу үшін төрт тікұшақ жұмылдырылып, олар 556 сағат әуеде болған. Орман күзетінің қарамағында 1 181 қызметкер, 196 техника, үш мыңнан астам жабдық және алты дрон бар. Бұдан бөлек, тағы 26 пилотсыз ұшу құрылғысын сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ 29 тонна дизель, 48 тонна бензин қоры жасақталған.

Биыл 62 шақырым жаңа минералды жолақ жыртылып, ұзындығы 540 шақырым бұрынғы жолақтарға күтім жасалды. Соңғы жеті жылда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 2,162 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға өрт сөндіру және патрульдік көліктер, тракторлар, шағын өрт кешендері мен өзге де жабдықтар алынған.

2025 жылы қосымша үш вахталық көлік сатып алынды. Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік негізде тағы 110 техника сатып алу жоспарланып отыр. Оның жалпы құны – 3,9 млрд теңге.

Бұдан бөлек, 129 орман күзеті қызметкері ШҚО ТЖД жанындағы Азаматтық қорғау академиясында оқытудан өтті. Аймақтағы орман мекемелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар