ШҚО Экология департаменті 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысын жариялады. Тексерулер шағын бизнес субъектілерінен бастап ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға дейінгі деңгейдегі нысандарды қамтыды. Бұл туралы ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының м.а. Асет Сулейменов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
– Барлығы 33 тексеру жүргізіліп, 86 заңбұзушылық анықталды, сонша нұсқама берілді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,73 млрд теңгені құрады, – деді Асет Сулейменов.
Ірі айыппұлдар өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарына салынды:
• «СиньСин» ЖШС – 1,066 млрд тг;
• «Казцинк» ЖШС – 1,7 млрд тг-дан астам және қосымша 60,9 млн тг айыппұл (толығымен төленген);
• «ТМК» АҚ – 24 млн тг;
• «Өскемен ЖЭО» ЖШС – шамамен 26,9 млн тг.
Департаменттің мәліметінше, кәсіпорындар табиғатты қорғау шараларына инвестиция салуды жалғастыруда. Әсіресе, экологияға бөлінген қаржы кейде жоспарланған мөлшерден асып түседі.
Айрықша назар ауа сапасын бақылауға аударылуда. Облыс орталығында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар 63 күн бойы тіркелді. Бақылауды күшейту үшін қазан айына дейін өңірге жылжымалы экологиялық зертхана жеткізілмек. Бұдан бөлек, әкімдік 15 бақылау бекетін және бір фондық станция сатып алуда.
Экологиялық мәдениет те маңызды бағыт болып қала бермек. Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ШҚО-да 33 мыңнан астам адам қатысқан жаппай сенбіліктер өтті. Нәтижесінде 1020 тоннадан астам қоқыс жиналды. Сондай-ақ 46,7 мыңға жуық ағаш отырғызылды, бұл жылдық жоспардың 40%-ын құрайды.
Сонымен қатар өңір мектептерінің оқушылары табиғатты қорғау тақырыбындағы шығармалар байқауына белсене қатысты. Байқауға 48 мыңнан астам оқушы өз жұмыстарын ұсынды.