ШҚО әкімі су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды мониторингтен өткізді

ШҚО әкімі су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды мониторингтен өткізді
ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб құрамына кіретін тиісті мекемелердің өкілдерімен бірге су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды мониторингтен өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жедел штаб құрамына кіретін тиісті мекемелердің өкілдерімен бірге су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды мониторингтен өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

– Күн райының күрт құбылып, күндізгі және түнгі температуралардың ауытқуы жағдайында жағдайды, әсіресе өзендерге қатысты ахуалды сағат сайын бақылау қажет. Қалыптасқан жағдайда нақты болжамдар мен толық дайындық қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Марқакөл ауылында жүргізілген су тасқынына қарсы шаралар – Қалжыр өзенінің арнасын тазарту және түзеу, су өткізу құбырларын орнату және шлюз салу арқылы Қалжыр мен Марқакөл ауылдарын су басу қаупі барынша төмендетілді. Барлығы 72 су өткізу құрылысы, 6 көпір, сондай-ақ арықтар мен каналдар тазартылды. Бүгінгі мониторинг нәтижесінде Қара Ертіс пен Қалжыр өзендерінде үш жерде мұз кептелісінің алдын алу үшін профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілетіні белгілі болды.

Самар ауданындағы Орта-Теректі, Лайлы және Төменгі Тайынты бөгеттері штаттық режимде жұмыс істеуде. Қазіргі кезде өңірдегі барлық гидротехникалық нысандар мұз құрсауында болғанымен, кей жерлерде мұз жарыла бастаған. Сондықтан бұл нысандарды сағат сайын бақылауда ұстау қажет.

Тарбағатай ауданында алты елді мекеннің бірінде – Тұғыл ауылында су тасқыны қаупі толық жойылды. Ал Жаңауыл, Сарыөлең, Қарасукөл, Жетіарал және Манырақ ауылдарында еріген қар суынан келетін қауіп барынша азайтылған. Терісайрық өзенінің жағалауы бекітіліп, 182 су өткізу нысаны, 9 көпір және 33 шақырым су арналары қар мен мұздан толық тазартылды.

Күршім ауданында су тасқыны қаупі бар төрт ауылда қауіп толық жойылды. Күршім – Топтерек автожолындағы көпірге жөндеу жүргізілді. «Үлкен» суды өткізуге 441 су өткізу нысаны дайын, 19 көпір, сондай-ақ айналма арықтар мен каналдар тазартылды. Мұзды жұмсарту мақсатында өзендер бойындағы екі нүктеде профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізіледі.

– Облыстың барлық ауданында көктемгі төтенше жағдайларға қарсы күштер мен техникалар тобы жасақталған. Аудан әкімдеріне үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырдым. Су деңгейін бақылап, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын ұдайы тексеріп отыру қажет. Ерекше назар – жергілікті жолдар мен көпірлерге, әсіресе таулы аймақтардағы өткелдерге аударылуы тиіс. Өйткені тұрғындардың қауіпсіздігі мен қозғалыс еркіндігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.