Індетпен күресу барысында көрсеткет қолдауы мен танытқан ерліктері үшін облыстың бетке ұстар азаматтары алғысқа бөленді. Олардың ішінде ірі компания өкілдері, журналистер, қоғам белсенділері, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары бар. Жалпы, ШҚО-ның 100-ге жуық тұрғыны "Халық алғысы" марапатына ие болды.
- Қасым-Жомарт Кемелұлы қиын-қыстау кезеңде мемлекет қойған міндеттерді адал орындағаны үшін олардың әрқайсысына алғыс айтты.
Коронавирус инфекциясымен күресте үлкен жүктеме әсіресе, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлерінің иығына артылды.
Сондай-ақ, полицейлер мен әскерилер, еріктілер мен журналистер де күш-жігерлерін аяған жоқ. Әсіресе, жомарттық танытқан өңірдің ірі компаниялары мен кәсіпкерлері сүбелі үлес қосты. Мен сіздердің әрқайсыңызға зор ризашылығымды білдіремін, - деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Жалпы, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап облыста еріктілер мен бизнес өкілдері жұмыссыз қалған отбасыларға, зейнеткерлер мен көп балалы отбасыларға барынша көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті.
«BIRGEMIZ» қоғамдық қоры белгілеген елу мың теңгені құрайтын жәрдемақы 40 мыңнан астам отбасыға берілді.
Өңірдегі ірі компаниялардың бірі, «Халық алғысы» медалін иеленген «Қазмырыш» АҚ-ның әкімшілік мәселелері бойынша атқарушы директоры Андрей Лазаревтің айтуынша, кәсіпорында қызметкерлерді қысқартуға жол берілмей, осы ұжымда еңбек еткен ардагерлердің үйіне керекті азық-түліктер үнемі жеткізіліп тұрды. – Қазірде әлемді шарпыған індет барлығымызға оңай тиіп отырған жоқ. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, көмек қолын беруіміз керек. Аталмыш проблемамен ешкім бетпе-бет қалмауы керек, - дейді компания өкілі.
Облыс әкімі Даниал Ахметов жиын соңында шығысқазақстандықтарды барлық сақтық шараларын сақтауға шақырды.
– COVID-19 індетіне шалдыққандар саны күн санап артып келеді. Тұрғындар барынша сақтық шараларын сақтап, қорғану керек. Бүгінгі таңда облыстағы науқастар саны 500-ге жетті. Вирус аудандарда да кеңінен таралып келеді. Босаңсуға әлі ерте, бұны барлығымыз дұрыс түсінуіміз керек, - деді аймақ басшысы.