"Шын мәнінде бір нәрсе шешіліп жатыр деген сөз". Мәсімов не үшін рақымшылық сұрады?

Көркем Алдабергенова 17 мау. 2024 11:49 11705

Белгілі журналист Гүлнара Бажкенова Кәрім Мәсімовтің президенттен кешірім сұрап, рақымшылық жасауы туралы өтініші жайлы не ойлайтынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен Мәсімов президенттен кешірім сұрағанын естіген кезімде, оның бостандыққа шығуы қаншалық мүмкін екенін емес, не үшін кешірім сұрағанын ойлай бастадым. Ол оқыған, білімді адам бола тұра кешірім сұрағаны қалай деп ойладым. Себебі рақымшылық ол көбіне өлім жазасына қатысты беріледі. Қазақстанда да, әлем елдерінде де президенттер өлім жазасына кесілген адамға рақымшылық жасай алады. Өлім жазасына кесілерден 1 минут бұрын кешірген кездер де болған. Мұны президент жанындағы комиссия да шешеді. Қазақстанда өлім жазасы алынып тасталды. Сондықтан бұл жерде рақымшылықтың не қатысы бар? Президент соттың үкімін өзгерте алмайды.

Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы 18 жыл деген үкімді өзгертуге президент Тоқаевтың құзыреті жоқ. Елдегі сот – тәуелсіз, бір адам айтты екен деп шешімді өзгерте салмайды. Қайдағы рақымшылық? Кәрім Мәсімов президенттен үкімнің күшін жоюды немесе жазасын жеңілдетуді сұрап отыр ма? Неге Президенттен сұрап отыр? Себебі ол президент үкімді өзгерте алмайтынын біліп отыр ғой. Рақымшылықты жайдан жай сұраған жоқ қой. Ол бұл істе жайдан жай пайда бола салмаған адам ғой, ол заңды біледі, адвокаттары да заңнан хабардар. Сондықтан мен үшін, ең алдымен, не болып жатқаны түсініксіз. Рақымшылық туралы ақпарат не үшін тарап кетті? Қандай болжам бар? Демек шын мәнінде бір нәрсе шешіліп жатыр деген сөз. Егер ақпарат тарап кеткен болса, халықтың реакциясын күтіп отырған шығар? Олар мұны қалай қабылдайды, қалай талқыға түседі дегендей. Бірақ тағы да қайталап айтамын, рақымшылық берілуі - заңсыз. Президент сот шешімін өзгерте алмайды, себебі Мәсімов өлім жазасына кесілген жоқ", - дейді Бажкенова Orda.kz-ке берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтен бостандыққа шығу үшін Қаңтар туралы бар шындықты айту сұралғанын айтқан болатын. 

"Мәсімов ұйымдастырушы болды деп ойламаймын. Сондықтан батыл мәлімдеме жасаса, оған жұмсақ қарауға болады. Мысалы, ол Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының бұйрықтарын орындауға мәжбүр болса (Қаңтар оқиғасына дейін оны Нұрсұлтан Назарбаев басқарды). Кәрім Мәсімов ұзақ жыл бойы премьер-министр және Назарбаевтың сенімді адамы болды. Ол оның жеке тапсырмаларын орындап қана қоймай, тұңғыш президенттің жеке бизнесін де жүргізіп отырды. Мәсімов оның активтерін шығарумен айналысты, яғни әйгілі Қазақгейттен кейін Еуропадан шығарды, сондай-ақ, ескі Қазақстанның активтерін Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Шанхай, Гонконг, Әмірліктерге жіберумен айналысты. Мәсімов барлық транзакцияны ашып, есесіне басына бостандық сұраса, оған кешірім беру керек деп ойлаймын", – деді Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Бапидің пікірінше, Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасын ұйымдастыра алмады. Оның айтуынша, Мәсімов шын мәнінде не болғанын баяндап, басты ұйымдастырушының атын атауы керек.

"Шығарылған активтер туралы ақпаратты білу оны түрмеде ұстаудан гөрі маңызды. Оның қамауда отырғанынан халыққа ешқандай пайда жоқ", - дейді Бапи.

Ал 2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар