Шымкенттегі ірі тойхана мектепке айналып жатыр

Dalanews 03 қыр. 2020 15:17 1002

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның мәліметінше қалада мектепке баратын оқушы саны жыл сайын артып келеді. Ал мектептерде орын тапшы. Дегенмен бұл мәселенің шешімі бар. 

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттегі қаптаған тойханаларды білім ордаларына айналдыруды ұсынған.

"Шымкент қаласындағы 147 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда. Жылына оқушылар саны 12 мың балаға артып отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек.

Әкім ойланып отырды да, «Осы қазір тойханалар жабық. Қашан ашылатыны белгісіз. Солардың иелерімен сөйлесіңдер. Олардың бірқатарын қосымша білім беру ұйымдарына айналдырайық» деп тапсырды", – дейді Шыңғыс Мұқан.



Қала әкімінің бірінші орынбасары президент Тоқаевтың індеттің әлі екі жылға созылуы мүмкін деген сөзін назарға алып, оған дейін халық тойды шағындап өткізуді әдетке айналдырарына сенім білдіріпті.

Шыңғыс Мұқанның болжамынша бұдан былай үлкен тойханалар бұрынғыдай сұранысқа ие болуы неғайбыл. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге баруға аяқ тартып қалған.

"Осындайда Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме?

Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін.


Менің ойымша, тойханаларды ойханаларға ойналдырудың жолдары мыналар:

  • Coworking center

  • Жастар орталығы

  • Шығармашылық орталығы

  • Оқушылар сарайы

  • IT hub

  • Өнер сарайы

  • Домбыра орталығы

  • Шеберлер мектебі

  • STEM center


Тойханаларды жастардың әлеуетін арттыратын орталыққа айналдырудың түрі көп", – дейді Шыңғыс Мұқан. Бұған Алматыдағы SmART POINT коуоркинг орталығын мысалға келтірген ол, аталған орталықтың бүгінгі күні еліміздегі жетекші IT hub-қа айналғанын тілге тиек етіпті. 

Тойхана бизнесінен бас тартып, ірі салтанат сарайларын өз еркімен мектепке айналдырып жатқан кәсіпкерлер де бар. Шыңғыс Мұқанның хабарлағанындай қазір "Нұрсәт" ықшам ауданында орналасқан «Оңтүстік» атты салтанат сарайы мектепке айналып жатыр.

"Бұл ауданда орналасқан 80-мектеп үш ауысымды. Салтанат сарайына бардым. Сарай десе сарай. Мұндай зәулім ғимаратты мектепке айналады деп кім ойлаған!

Бірақ бұл әкімдіктің тапсырмасымен ашылған мектеп емес. Тойхана иесінің өз қалауы. Респект. Министрліктен лицензия алған. Негізі тойханалар, әкім айтпақшы, қосымша білім беру ұйымдарына, жастар орталығы, коворкинг орталықтарға сұранып тұр. Құрметті кәсіпкерлер, білім саласына қаржы салыңыздар. Табысы аздау болар. Балаларыңыздың болашағы жарқын болсын десеңіздер, білім саласына бас бұрыңыздар. Тойханаларды ойханаға айналдырық,", – деп жазған екен желідегі парақшасында қала әкімінің бірінші орынбасары. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар