Шымкентте Республика күні қарсаңында қуанышты жаңалық: 300-ден аса отбасы баспаналы болды

Шымкентте Республика күні қарсаңында қуанышты жаңалық: 300-ден аса отбасы баспаналы болды
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Шымкентте Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, баспаналы болғандарды құтт...

Шымкентте Республика күні қарсаңында мемлекеттік бағдарлама аясында 304 отбасы қоныс тойын тойлады. Салтанатты кілт тапсыру рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісіп, баспаналы болғандарды құттықтады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бозарық шағынауданында орналасқан баспаналар Ұлттық мереке қарсаңында пайдалануға беріліп отыр. Бұл баспаналарды тұрғын үй кезегіндегі азаматтар Отбасы банк арқылы "2-10-20", "5-10-20" бағыттары бойынша несиелік негізде рәсімдеген.

Бүгінде Қазақстан бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың жайлы өмір сүруіне бағытталған. Шымкенттегі үйлерді қоныстанушыларға қала әкімдігі салып берді. Жаңа пәтерлер таза әрлеуде, 1 шаршы метріне 221 330 теңгеден сатылған.

Бағдарлама қатысушыларды қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен қатар "Отбасы банк" АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев та құттықтады.

"Әрқайсымыз үшін жаңа, ең бастысы, өзіміздің жеке пәтірімізге көшу - өмірдегі аса маңызды әрі қуанышты оқиға. Пәтерлеріңізде балалардың күлкісі жиі естіліп, іші жылулық пен жайлылыққа толы болуына тілектеспін. Жыл басынан бері Отбасы банк "2-10-20" бағдарламасы бойынша 2 500 жуық, "5-10-20" бағдарламасы бойынша 3 247 қазақстандық отбасыға жеке баспана алуға көмектесті" - деді «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев.

Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға қабылданған тұжырымдамасына сәйкес, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2%-дан аспайтын әлеуметтік кредиттік тұрғын үй бағдарламасы табысы төмен отбасыларға кредит беруге арналған. Бұл  санаттағы азаматтар үшін бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алуға (жергілікті атқарушы органдардың пайдалануға берілген әлеуметтік кредиттік тұрғын үйі) жылдық 2% пайыздық мөлшерлеме бойынша (ЖТСМ 2%-дан бастап 2,1% дейін), 10% алғашқы жарна енгізген кезде (тұрғын үй сертификаттарын пайдалануға болады) кредит берудің жеңілдікті талаптары қарастырылады. Заем беру мерзімі – 20 жылға дейін.

Ал сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%-дан аспайтын әлеуметтік кредиттік тұрғын үй бағдарламасына әкімдікте үй кезегінде тұрған, Отбасы банктегі жинақ шотында қарыз сомасының 10%-ы мөлшерінде бастапқы жарнасы бар азаматтар қатыса алады. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйді тек бастапқы нарықтан сатып алуға болады (жергілікті атқарушы органдардың пайдалануға қабылданған әлеуметтік кредиттік тұрғын үйі). Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,8% дейін), заем беру мерзімі – 20 жылға дейін. 

"Жыл басынан бері Шымкент қаласында жылжымайтын мүлік алу мақсатымен тағы 2 7 000-ден астам өңір азаматы жаңа депозит ашты. Бұл -еліміз бойынша аймақтардағы ең жоғары көрсеткіш. Яғни Шымкент халқы қаражат үнемдеп, оны тұрғын үй жағдайларын жақсарту жолында жинаудан жоғары белсенділік танытып отыр. Жалпы өңірде үстіміздегі жылы 3 633 отбасы "Отбасы банкінен" заем алып, қоныс тойын тойлаған", - деп жазылған Отбасы банкінің баспасөз қызметі хабарламасында.   

Шымкентте баспаналы болғандар арасында да ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.

Шымкент қаласы әкімдігі мәліметінше, кредиттік тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру және табысы аз азаматтарды ынталандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 311 отбасы қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаты арқылы несиелік баспанаға қол жеткізген, жыл соңына дейін тағы 4 мыңнан астам пәтер беру жоспарланып отыр.