Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қуаныш Дәулеталиевке іздеу жарияланды. Бұл ақпарат құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ресми дерекке сәйкес, Дәулеталиев іздеуде бір күннен бері жүр. Ол – 48 жаста, Қазақстан азаматы, ұлты қазақ. Іздеу ісі 2025 жылғы 2 қыркүйекте Шымкентте тіркелген. Іздеуді бастаған орган – Тұран ауданы полиция басқармасы, ал бастамашысы – сот.
Шымкент мәслихатының ресми сайтында Дәулеталиев Қуаныш Әмірсейітұлы депутат ретінде әлі де көрсетілген.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сай, ол 1976 жылғы 2 желтоқсанда Шымкент қаласында дүниеге келген. 1993 жылы №66 жалпы орта мектепті тәмамдаған. Кейін 2010-2014 жылдары аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеттің заң факультетінде білім алып, «заңгер» мамандығын алған.
Еңбек жолында кәсіпкерлікпен айналысқан. 2009-2015 жылдары «Сенім-Құрылыс» ЖШС-де коммерциялық істер жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарған. 2015 жылдан бастап «БОИНИС КС» ЖШС директорының орынбасары болған. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен шұғылданған.
Қазіргі таңда оның қайда екені белгісіз, істің мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.