Шымкентте көшедегі жаппай төбелес адам өлімімен аяқталды

Көркем Алдабергенова 21 қаң. 2026 09:44

20 қаңтар күні Шымкентте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Апат арты жаппай төбелеске ұласып, қайғылы жағдаймен аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігі бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған Hyundai Sonata автокөлігімен соқтығысқан. Hyundai тізгінінде қала тұрғыны, 34 жастағы Н.Ешанқұлов болған.

Жол апатынан кейін ер адамдар арасында жанжал шыққан. Toyota Camry ішіндегі адамдарға Lexus LX 570 көлігімен келген тағы төрт белгісіз азамат қосылған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласып, оның барысында М.Көшкенбаевтың мойнына пышақпен сұғылған-кесілген жарақат салынған. Ол ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар Н.Ешанқұлов пен В.Колесников та дене жарақатын алған.

Оқиғадан кейін белгісіз адамдар В.Колесниковты күштеп Toyota Camry көлігіне отырғызып алып кеткен. Кейін полиция қызметкерлері Camry мен Lexus автокөліктерін тауып, жәбірленушінің ВАЗ-2114 көлігіне ауыстырылып, Ордабасы ауданы бағытына әкетілгенін анықтаған.

Кешкі сағат 19:00 шамасында Темірлановка ауылындағы орталық аудандық аурухананың маңынан В.Колесниковтың денесі түрлі дене жарақаттарымен табылды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ВАЗ-2114 автокөлігіне іздеу жарияланды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove