Шымкентте Дикий Арманның досы мен оның бандасы ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталмақ

Қаракөз Амантай 21 ақп. 2025 10:37 963

Шымкентте ауыр қылмыстар жасады деп айыпталған сегіз адамға қатысты сот жүріп жатыр. Оларға бопсалау, заңсыз бас бостандығынан айыру, қару сақтау және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру секілді қылмыстар тағылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz мәліметінше, айыпталушылардың қатарында Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) жақын досы - 35 жастағы Дәуір Тәукеев те бар.

Қалған айыпталушылар туралы ақпарат аз, тек олардың бірі – Бекасыл Шынжырбеков кәсіби боксшы екені белгілі. Ол спорттық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсеткен.

Соттың ресми дерекқорында бұл қылмыстық іс бойынша толық мәлімет жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура Бакуде Дикий Арманның досы Жанболат Серіковтың ұсталғанын растады. Кейбір БАҚ мәліметінше, ол Келімбетовтың күйеу баласы, деп хабарлаған еді Dalanews.kz BES.media-ға сілтеп. 

Жанболат Серіков Дубайда қаржы пирамидасы Finiko-ның ұйымдастырушысына шабуыл жасады деген күдікке ілінді. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы BES.media-ның сұрауына жауап бере отырып, Бакуде Жанболат Серіковтың ұсталғанын растады. БАҚ оны бұрынғы Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы және “Дикий Арман” тобының белсенді мүшесі деп атауда.

Бас прокуратураның мәліметінше, ол Біріккен Араб Әмірліктерінің құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Бакуде ұсталған. Бұл ақпарат Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігіне сілтеме жасай отырып берілді.

“Сонымен қатар, Қазақстан құқық қорғау органдары Жанболат Серіковке қылмыс жасады деген айыппен іздеу салмаған, сондықтан оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқан жоқ”, – деп хабарлады Бас прокуратура.

Ішкі істер министрлігі BES.media-ға Жанболат Серіковқа қатысты қылмыстық істердің жоқ екенін мәлімдеді.

Жанболат Серіков қаржы пирамидасы Finiko-ның негізін қалаушы Эдвард Сабировқа шабуыл ұйымдастырған болуы мүмкін. Telegram-каналындағы ақпаратқа сәйкес, қылмыскерлер 327 мың АҚШ долларын (173,7 млн теңге) ұрлаған. Шабуылдан кейін күдіктілер Мәскеуге ұшып кеткен, онда олар БАӘ полициясының сұрауы бойынша ұсталған. Жанболат Серіков 2024 жылдың 3 қаңтарында Стамбұлдан келгеннен кейін Бакуде ұсталған.

Orda.kz-тің мәліметінше, қамауда отырған Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) Жанболат Серіковпен дос болған. Олар бірнеше рет шетелде және Қазақстанда кездескен.

Жанболат Серіковтің Freedom Bank, Банк ЦентрКредит және ForteBank алдында 3 миллиард теңгеден астам қарызы бар. 2023 жылдың желтоқсанынан бастап оған Қазақстаннан шығуға тыйым салынған.

Расталмаған ақпарат бойынша, ол бұрынғы Ұлттық банк төрағасы және Қазақстан премьер-министрінің экс-орынбасары Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы. Жанболат Серіков Шынар Нематоваға, экс-шенеуніктің қызына үйленген деп көрсетіледі.

Ашық дереккөздерде Жанболат Серіковтің иелігінде “Кристалл” түнгі клубы бар екені айтылады. Бұл нысанның 3,1 миллиард теңге қарызы бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар