Шымкент орталығындағы белгілі парк заңсыз салынған болып шықты

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2025 09:47 377

Шымкент қаласының орталығында орналасқан белгілі аттракциондар паркінің заңсыз салынғаны анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Сот жоғарыда көрсетілген жағдайларды, сондай-ақ ЖШС-нің жер телімін заңсыз пайдаланғанын ескере отырып, талап арызды қанағаттандырды және ЖШС-ге 4 гектар аумақты босатып, құрылыс нысандарын сүру арқылы жерді бастапқы қалпына келтіруді міндеттеді. Шешім заңды күшіне енген жоқ”, – делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Белгілі болғандай, 2011 жылы ЖШС Шымкенттің орталығындағы 4 гектар жер телімін жалға алған. Алайда жалға алушы балалар орталығын салу жөніндегі міндеттемелерін орындаудың орнына, аталған аумақта “Қиял әлемі” аттракциондар паркін орналастырған.

Соңғы жылдары бұл орында қайғылы жағдайлар жиілеп кетті. Мәселен, өрт шығып, екі студент пен бір ер адам қаза болған еді.

Әкімдік ЖШС-нің жалдау келісімшартын бұзғанын алға тартып, сотқа оның күшін жою туралы талап арыз берген.

“Экономикалық сот пен апелляциялық инстанция ЖШС-ні жер телімін коммуналдық меншікке қайтаруға міндеттеді. Бұл шешім заңды күшіне енген соң, әкім паркте заңсыз салынған құрылыс нысандарын ЖШС есебінен сүру және жерді бастапқы қалпына келтіру туралы сотқа тағы бір талап арыз түсірді”, – делінген хабарламада.

Сот барысында ЖШС аттракциондар, әткеншектер және өзге де құрылыс нысандарының заңды түрде пайдалануға берілгенін растайтын құжаттарды ұсына алмағаны атап өтілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар