Шығыстың шырайлы ауылдары – Тәуелсіз Қазақстанның тірегі

Dalanews 08 жел. 2021 15:10 1489

Шығыс Қазақстанда бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың пилоттық бағдарламасын іске асыру көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Аудан орталықтары болып саналатын 13 ауылда тұратын халық қалаған  істерімен айналысып, демалуға мүмкіндік алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өңірдегі аудандар біріктірілгеннен кейін олар мәртебесінен айырылып, біртіндеп жойыла бастаған-ды. Алайда, Қазақстанның мемлекеттік саясаты тәуелсіздік алған күннен бастап ауылдарды дамыту ісі басым бағытқа айналды. Осыған байланысты қазір бұрынғы аудан орталықтары жанданып, мемлекеттік бағадараламар ауылдардың өркендеуіне жол ашып отыр.

Осыған орай, жыл соңында Серебрянск қаласының тұрғындарына жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілмек. Спорттың әр түрімен айналысуға арналған жабық алаңынан бөлек, футбол алаңы салынбақшы.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасы бойынша, Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытының бұрынғы әкімшілік ғимараты мәдени орталық ретінде қайта жабдықталмақшы. Сараптама нысанның жақсы жағдайда екенін көрсетті. Күрделі жөндеу мен жабдықтаудан кейін мұнда музыка мектебі мен үйірмелер орналастырылып, арнайы концерт залы, шығармашылық пен қолданбалы өнерге арналған алаңдар ашылмақ.


Кезекте тұрған көп балалы отбасылар, педагогтар мен медиктердің отбасылары үшін бұрынғы жатақхана ғимаратымен қатар, 60 пәтерлі тұрғын үй жөнделетін болады. Үйлер «Бір  қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынуда.

Биылғы жылы бұрынғы аудан орталығы – Таврия ауылында Даму бағдарламасы бойынша орталық және қосалқы жолдардың барлығы асфальтталынды. 16 желтоқсанда жаңа дене шынықтыру-сауықтыру орталығы өз есігін айқара ашылдаы. Сонымен қатар су құбыры желілері жаңартылып жатқанын айта кетуіміз керек.

Ауылда көпбалалы 14 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Ауыл үшін ең маңызды мәселе – жылумен қамтамасыз ету екені белгілі. Бұл мәселе де оң шешімін таппақ. Аймақ басшысы атап өткендей, аудандық аурухананың қазандық қуаттылығы артады. Ол мектепке, балабақшаға, ауылдық мәдениет үйіне жылу беруге мүмкіндік береді. Осы мақсатта қосымша желілер салынуда.

Самар ауылында бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша су құбыры желілерін қайта жаңарту, көшелерді орташа жөндеу жүргізілуде. Ең бастысы – ауылдың перзентханасы жаңа жабдықтармен жабдықталды. Енді толғақ қысқан аналар жүздеген шақырым жол жүріп әбігерге түспейді. Бөлімше дәрігерлері әлемнің үздік клиникаларынан тағылымдамадан өткенін атап өткен жөн.

Бағдарламаның маңызды тармақтарының бірі – жас мамандарды қолдау.  «Жастар ауылдан кетпеуі керек» деп есептейді жергілікті билік орындары.  Ол үшін Самарада жергілікті колледждің жатақханасы жөнделеді. Ал жас мамандар тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие алу мүмкіндігіне ие болатын болады.

Өскеменнен 45 шақырымда орналасқан Бозанбай ауылында бағдарламаға сәйкес, аурухана базасында оңалту орталығы ашылады. Қазірдің өзінде орталықты қажетті жабдықтармен жабдықтау бойынша жоба дайындалуда. Мұнда дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы да басталып кеткен. «Мәдениет үйі» мен мектепті қаз-қалпында мұқият сақталған. Ауыл тұрғындары жаңа инфрақұрылымдық жобалардың жас мамандар үшін табысты болатынына кәміл сенімді. Өйткені ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар