Шығыста жыр алыбына ескерткіш орнатылды

Dalanews 14 қар. 2019 10:29 662

Өскемендегі Жамбыл саябағында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші ашылды.

Ескерткіш ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен ашылғанын еске сала кетейік. Нысанның авторлары танымал мүсіншілер – Қазыбек Дулатов пен Сәрсен Сейітов.

Жыр алыбының құрметіне қойылған ескерткіш еңселі. Биіктігі — 2,5 метр. Домбыра шертіп тұрған Жамбылдың қоладан құйылған бейнесі арнайы тұғырға орнатылған.

Ескерткіштің ашылу салтанатына ақынның үрім-бұтағы, қаланың аузы дуалы ақсақалдары, зиялы қауымы өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген Даниал Ахметов Жамбылдың жырлары ұрпақтан-ұрпақтан таралып, мәңгілік мұраға айналғанын айтты. 




"Жамбыл Жабаев қазақтың шыншыл ақындарының бірі. Оның жырларында батырлар ерлігі де, еркіндікті аңсаған ел үміті де бар. Жамбыл қоғамдағы әділетсіздік пен келеңсіздікті жырларына арқау етті. Оның соңында қалған мұрасы кейінгі ұрпаққа ауызша тарап, кейін кітап боп басылым, бірнеше тілге аударылды.

Өскемендегі халық жиі серуендейтін саябаққа Жамбыл Жабаевтың есімін бергеніміз бекер емес. Осынау саябақ пікір алмасатын, күй шертіліп, өлең оқылатын шығармашылық алаңға айналуына тілектеспін", – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда Жамбыл Жабаев атынағы 5 мектеп, 3 елді мекен, 33 көше бар.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар