1909 жылы Абай қайтыс болғаннан кейін оның алғашқы жинағы басылып шықты.
«Кітаптың жарық көрууіне ұлы Тұрағұлдың, немере інісі Кәкетайдың және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының лидері Әлихан Бөкейхановтың үлесі зор болды.
Жинақ Нұр-Сұлтан қаласындағы қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптардың ұлттық орталығында қайта қалпына келтірілді. Орталық өкілдер бізге көрмемен келгенде, бізде бірегей жинақтың бар екенін біліп, оны қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Кітаптың мұқабасы болған жоқ, бірқатар беттері жыртылған және кейбір беттері мүлдем болған жоқ болатын. Кітап қалпына келтірілді, әр парағы құю жолымен қалпына келтірілді, кітап музейге жаңа қатты мұқабада оралды” – дейді Абай музейі директорының орынбасары Мейрамгүл Қайрамбаева.
Кітап 120 беттен тұрады және «Халық туралы», «Махаббат туралы» сынды тағы да басқа бөлімдерге бөлінген. Жинаққа Абайдың жүзге жуық шығармалары енген.
Кітапты қайта қалпына келтіру – біраз қаражатты талап ететіні сөзсіз. Осындай құнды дүниеге жарты миллионға жуық қаражат қажет болды. Алайда осы жинақты оқырман қауыммен музей үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы қолжазбалар және сирек кездесетін кітаптардың ұлттық орталығы қолдап, шығарып берді.
«Біз олармен бірлескен шаралар, көрмелер өткіздік, іс-шаралар шеңберінде осы құнды жинақты көрсеттік. Бұл Абайдың алғашқы шығармалары болғандықтан олар бізді қолдады және кітапты тегін қайта қалпына келтіріп, музейге сыйлық жасады.
Біздің музей оларды құнды кітаптар мен қолжазбалардың көптігімен қызықтырды. Олар кітаптарды және қолжазбаларды цифрландырып, өз қорларын цифрландырылған нұсқасымен толықтырып, түпнұсқаны бізге кері қайтарады. Бұл екі жаққа да тиімді жұмыс, осы бағыт бойынша жұмыс одан ары жалғасатын болады. Қайта қалпына келтіретін кітаптар саны өте көп. Қырыққа жуық кітапты цифрландыру қажет, – деп айтып өтті Мейрамгүл Қайрамбаева.
Сонымен қатар, баспасөз-конференциясы барысында Алаш арыстары музейінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына да тоқталып өтті.
БүгіндеШығыс Қазақстан облысында Абай музейінің 8 филиалы бар. Биылғы жылы бас музейдің қаражаты есебінен Шәкер Әбенов және Көкбай ақын музейлерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мұражай алдағы уақытта жаңа экспозиция ашуды жоспарлауда. Және құнды кітаптарды цифрландыру жұмыстары жалғасын таба бермек.