Астана әуежайынан арабтық басқарушы компания кетпек

Ақтоты Жапатова 01 қар. 2025 20:59

Астана халықаралық әуежайын сенімгерлік басқаруға алған Біріккен Араб Әмірліктерінің Terminals Holding компаниясы жобадан шығуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

«Астана қаласы әкімдігі мен Terminals Holding (БАӘ) компаниясы әуежайды басқару жөніндегі серіктестікті өзара келісім негізінде тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр», – деп растады әкімдік KazTAG агенттігіне.

Еске сала кетейік, Астана әуежайы 2023 жылдың қарашасында аталған компанияның сенімгерлік басқаруына берілген болатын, ал ресми келісім тек 2025 жылы рәсімделген.

Биыл мамыр айында Қазақстанның Көлік министрлігі мен БАӘ-нің Terminals Astana Airport Limited компаниясы (Terminals Holding құрамына кіреді) әуежайды дамыту туралы 1,1 млрд доллар көлеміндегі келісімге қол қойған еді.

Жоба аясында:

  • екінші ұшу-қону жолағын және жаңа жолаушылар терминалын салу,

  • жүк терминалын тұрғызу,

  • жерүсті жабдықтарын жаңарту және цифрлық жүйелер енгізу,

  • әуежай маңында қонақүй мен логистикалық нысандарды қамтитын аэротрополис кешенін дамыту,

  • халықаралық стандарттарға сай кадр даярлау жоспарланған еді.

Келісімнің басты талаптарының бірі — қазақстандық бюджет қаржысын пайдаланбау және жұмыс орындарын сақтау болатын.

Алайда, араб инвесторларының не себепті жобадан бас тартуға шешім қабылдағаны әзірге белгісіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар