Шығысқазақстандық дәрігерлер «вакцинаға қарсылығы жоқ» ата-аналардың тізімін әзірлеуде

Dalanews 15 жел. 2021 12:44 593

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 80 мыңға жуық балаға коронавирус екпесі салынатынын хабарлаған болатынбыз.

Нақтырақ айтқанда, 80 мыңға жуық баланың ата-анасы қауіпті індеттің екпесін алуға қарсылығын жоғын айтқан.

Әлбетте бұл осы тараптағы жан-жақты, толыққанды деңгейде жүргізілген ақпараттық жұмыстың нәтижесінде мүмкін болған. Бүгінгі таңда аймақтағы білікті эпидемиологтар осыншама балаға коронавирус екпесін салуға әзір отыр.

Осы мәселеге қатысты толымды ақпарат алып, біраз жайтқа қаныққан көптеген ата-аналар екпеге қарсылығы жоғын мәлімдемеген.

Айта кетелік, егу науқаны бірнеше сатыдан тұрады. Алғашқы кезеңде аймақтағы 16 мен 18 жасар оқушыларға вакцина салынады. Кейіннен екпені жасөспірімдер мен жүкті әйелдер алатын болады. Бұл мәселеде вакцинаға қатысты толыққанды мәлімет беру аса өзекті екенін ілгеріде айттық. Осыны ескерген шығысқазақстандық дәрігерлер «екпеге қарсылығы жоқ» ата-аналардың тізімін әзірлеуде.

Мұндағы мақсат ертеңгі күнгі түсінбеушіліктің алдын-алу. Вакцинаға қарсылығы жоқ ата-аналардың қосынын қалыптастыру арқылы қоғамның бұл науқанға қалай қарайтынын бағамдауға болады.

Ата-аналармен жүргізілген ақпараттық жұмыстың нәтижесінде 2 мыңнан аса оқушы мен колледж жастары вакцина кезегіне тұрған. Мұндайда облыстағы медмекемелердің науқанға сақадай-сай болуы да маңызды.

Осыны ескерген аймақ басшылығы өңірдегі емханаларға «Pfizer» вакцинасының 35 мың данасын жедел жеткізген, шығысқазақстандық дәрігерлер балаларға екпе салу бойынша арнайы дайындықтан өткен.

Ал вакцинадан бас тартқан балаларға ешқандай шектеу қойылмайды. Олар білім ордасына емін-еркін келіп, оқуын жалғастыра береді.


Соңғы уақытта өңірде вакцинаға қарсы ата-аналарға қарағанда, екпе алуды қолдайтын ата-аналардың қатары көбейген. Өскемендегі № 1 емхана дәрігері Сәжида Ахметқызының дерегінше соңғы аптаның өзінде 12 бала вакцина салдырған.

Ал ақпараттық жұмыс мұнымен тоқтап қалмайды. Дәрігерлер вакцина салмас бұрын баланың толық тексеруден өтерін, тек содан кейін барып екпе салуға қатысты нақты шешім қабылданарын ата-аналардың құлағына құюда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар