Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Оралман мәртебесін алған этникалық қазақтарға бір жылдың ішінде оңтайландырылған тәртіппен ҚР азаматтығын алу мүмкіндігі беріледі. Бірақ, осы уақыт аралығында олар көбінде азаматтық алмайды.
2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін этникалық қазақтардың оңтайландырылған тәртіппен азаматтық алуы үшін «оралман» мәртебесінің мерзімін ұзарту бойынша бір реттік науқан жүреді» делінген департаменттің ресми хабарламасында.
Науқан басталғалы бері 503 адамға Қазастан Республикасының азаматтығы берілген.
«Қазақстан аумағын тұрақты мекендейтін, ҚР азаматтығын алғысы келетін этникалық қазақтарға ШҚО Үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында «оралман» мәртебесінің мерзімін ұзартып, азаматтық алуға өтінім беруін сұраймыз», - дейді департамент.
Айта кетелік, бұдан бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "оралман" түсінігінен бас тартып, оны қандас атауымен алмастыруды ұсынған болатын.