Шығыс Қазақстанда ирандық компания ет өңдеумен айналысады

Dalanews 13 қаз. 2017 03:58 746

Ирандық инвесторлар Шығыс Қазақстанда етті қалдықсыз өңдеумен айналысуға дайын. Облыс әкімі Даниал Ахметов бірлескен «Agro Portal» ЖШС  жетекшісімен кездесіп, жаңа жобаның ерекшеліктерін талқылап, жақын арада жүзеге асыру мүмкіндігін тілге тиек етті. 



Соңғы үлгідегі кәсіпорын Семейдегі «Өндіріс» индустриалды аймаққа салынады. Жоспарға сай, зауыт іске қосылған соң, ірі қара мен ұсақ малдың еті өңделіп, ет консервілері мен шұжық түрлерін шығарады. Қалада жаңа жұмыс орны ашылады.

– Ирандық серіктес біздің өңірде жайсыздық сезінбеуі тиіс. Тез арада дайындық жұмыстарын бастаулары үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, учаске аумағына барлық инфрақұрылым желісі тартылып беретіндігін жеткізді. Бұдан бөлек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша теміржол тармағы жүргізіледі. Оның игілігін әлбетте, индустриалды аймақтағы өзге кәсіпкерлер де көреді. Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ирандықтар өздерінің бордақылау алаңдарын жабдықтауға да ынталы екендіктерін айтты. Қазанның аяғына дейін инвестициялық келісімшартқа қол қойып, жер телімін беру мәселесін шешу жоспарланып отыр. 2018 жылдың басына дейін жоба мемлекеттік органдарда келісімнен өтіп, бітуі тиіс.

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/30625

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар