Шығыс Қазақстан облысында карантин енгізіледі

Dalanews 17 сәу. 2020 17:40 745

Елдегі ТЖ кезеңі аяқталғанға дейін облысқа кіру және шығу шектеледі.

18 сәуірде сағат 00: 00-ден бастап ШҚО аумағында облыстық жедел штабтың шешімі бойынша карантин режимі енгізіледі. Елдегі ТЖ кезеңі аяқталғанға дейін облысқа кіру және шығу шектеледі, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Карантин кезеңінде бірқатар жұмыс берушілер өз қызметкерлерін жалақысын сақтай отырып, дистанциялық режимге жіберуге тиіс.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың айтуынша өңірлік жедел штаб қызметін тоқтата тұруға міндетті кәсіпорындардың тізімін тез арада әзірлеуі тиіс.

"Өскемен мен Семейде енгізілген шектеу кезінде көлікпен қамтамасыз ету мәселесін ұйымдастыруда бизнеске қолдау көрсеттік. Бірақ, рұқсат қағаздарын алған кейбір кәсіпкерлер оны мақсатсыз пайдаланып жүр. Тіпті, кей рұқсат қағаздардың сатылғаны туралы нақты ақпарат бар", – деді облыс әкімі.

Облыс әкімі бұған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменті тексеру жүргізуде екенін айтты.

"Олар рұқсат қағаздарын беруде қызметін асыра пайдаланған мемлекеттік қызметшілердің заңсыз іс-әрекеттерінің жолын кесіп, тиісті шараларды қабылдайды", – деді әкім.

Айта кетелік ШҚО коронавирус бойынша еліміздегі көрсеткіші ең төмен өңірлердің бірі. Облыста қауіпті инфекция жұқтырған 8 адам анықталған.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар