Білім жолында өшпес із қалдырған, талай саңлақтарды мойындатқан ғұлама әрине, Әбу Насыр Әл-Фараби.
Әл-Фарабидің еңбектері мен өмірі тұтас ғылым. Философия ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әл-Фараби орталығының директоры Жақыпбек Алтаевтің айтуынша, Фарабитану мұрасын зерттеуді 5 топқа бөлуге болады.
«Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топқа фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХІХ-ХХ ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, фарабитану ғылымының бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады»,- деп Жақыпбек Алтаев жіктеп берген еді.
Әбу Насыр Әл-Фараби ғылымның сан саласын меңгерген кемеңгер тұлға ретінде тарих бетінде есімі алтын әріптермен жазылғаны даусыз. Әл-Фарабидің өмірі жайындағы мағлұматтар ұлы ойшыл, әрі үлкен саясаткер, білгір физик, астроном, дарынды математик, ірі филолог және музыканың атасы болған дана әрі дара жан екенін дәлелдейді.
Ол саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнағаны баршаға белгілі. Бүгінгі егемен елдің Азия мен Еуропамен қарым-қатынас орнатуына кешегі өткен ғұламаның сара жолы себепкер сынды.
Тіршілігінде Еуропа елдерінен шығыстық ілім алуы осыған дәлел. Сан ғасыр артта қалса да шығыспен рухани байланыс орнатуымызға да ықпал еткен даналардың еңбектері екені жасырын емес.
Рухани байланыстың нақты көрінісінің бірі, әрі негізгісі – әдеби байланыстар. Бай қазақ әдебиеті шығыстық көркем сөз өнеріндегі жақсылық нышанның қай-қайсысын да жатсынбаған, бойына сіңіре білген. Мұның өзі қазақ әдебиетінің әлемдік өркениетке құлаш ұруының, әлемдік әдебиетпен сусындауының және өзгелерге танылуының көрінісі ретінде бағаланады.
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ғалым өзінің әдебиетке қатысты негізгі теориялық ой-пікірлерін: “Риторика”, “Поэзия өнерінің каноны туралы трактат”, “Поэзия өнері туралы”, “Ғылымдарды классификациялау туралы трактат”, “Өлең және ұйқас туралы сөз” және т.б. еңбектерінде саралайды. Оның осы айтылған еңбектеріндегі теориялық ойлары мен көркемдік-эстетикалық пікірлері әлі күнге мәні мен маңызын жойған жоқ.
Қайталанбас мұқра қалдырған Фараб жерінен шыққан саңлақтың «Поэзия өнері жайлы», ал екіншісі «Поэзия өнерінің қағидалары» трактаттары поэтикаға қатысты жазылған туындыларының ішіндегі шоқтығы биік еңбегі.
Тақырыптары жағынан ұқсас келген қос шығарманың мән-мазмұны екі түрлі. Бір ойды қайталамайтын ойшылдың еңбектерінің өміршең болуындағы сырда осында жатыр.
Арситотельдің шығармаларына қаныққан Әл-Фараби, темірқазығының ойын саралаудан жалыққан емес. Ғалымның, Аристотельдің «Поэзия өнері жайлы» еңбегін талдап жазған «Поэзия өнерінің қағидалары» атты трактаты сөзімізге дәлел. Əл-Фараби бұл туындысында өзі «хакім» деп атаған Аристотельдің поэтика бойынша тұжырымдары мен ілімін түсіндіреді.
Бұл еңбенгінде сұлу сөзден сарай соққан ақындарды үш топқа бөліп қарастырған. Біріншісі, теориялық тұрғыдан аталмыш өнер туралы хабар болмаса да табиғи қабілеті барлар. Екінші топтағы ақындар, олар табиғи дарындарымен қатар, поэзия өнерінде де терең білгірлігімен сипатталады. Үшіншісінде –алғашқы екі топтағы ақындарға еліктеушілер деп зерделеген.
Фараби қашанда теория мен табиғи таланттың ұштасуын өнердің шарықтау шегіне жеткізетін ұлы күш санаған. Оның пікірінше, «ғажап поэзия» жасау үшін ақынға еркіндік қажет. Өлеңнен өрнек құрушы жан бір жанрды жетік меңгерген кезде ғана өнері кемелдене түседі деген ойды дәлелдеп өткен.
Əл-Фараби «Поэзия өнері жайлы» трактатында негізінен араб метрикасына сəйкес мəселелерге — бəйіттің соңғы дыбысы, ұйқас, бір бунақ немесе жолдағы қысқа дауыстылар саны, олардың өлең өлшеміне қатысты жəне т.б. тек араб поэзиясының өзіне ғана тəн сұрақтарын талдап, сонымен қатар поэзияның оған жақын өнер — риторикада қолданылу ерекшеліктеріне қатысты тұжырым жасайды. Əдебиет теориясының «еліктеу» теориясына жан-жақты, əрі терең талдау жүргізеді.
Әл-Фараби тұлғасы араб поэзиясының қыр-сырына терең бойлаған. Яғни, бұл екі еңбектің атауы ұқсас болғанмен, бірі классикалық грек поэзиясы тұрғысындағы, екіншісі əлемдік əдебиеттің ең көркем саласының бірі — араб поэзиясына арналған туындылар болып табылады.
Ақындық өнер туралы сөз қоғап, ой өрбіткен ойшыл да қара сөзден жаяу емес.
Əл-Фарабидің замандастары жəне одан кейінірек өмір сүрген Шығыс пен Батыстың ақындары, əдебиетшілері мен тарихшылары ғұламаның ақындығы жөнінде көптеген мəліметтер жазып қалдырған.
Кейбір тұстас шайырлар араб-парсы ақындарын алтын түйеге балап, сол түйенің басы Əбу Насыр əл-Фараби еді деп шебер бейнелеген.
Ғалымның осы және өзгеде еңбектері дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады. Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем ғалымдарының сусындар кәусәр бұлағына айналды.
«Ғылыми мұра қалдырмаған ғалым найзағай ойнатып, күркіреп тұрып, жаумай өткен бұлтпен тең”, – деген араб халқының дана мақалы бар. Осындай қанатты ойды ту қып ұстаған Әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес ғылыми жазбаларын қалдырады.
Алты алаш пен алты құрлыққа есімі етене таныс Әл-Фарабиді өзге ғалымдар Шығыстың Аристотелі деп атағаны баршаға аян. Артында қалған ғылыми мұрасы өте мол. Ұлы ойшылдың қаламынан екі жүзге жуық трактаттар дүниеге келген.
Ғылыми және мәдени еңбектері ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан қазақ даласының асыл перзенттерінің ең жарық жұлдызы – Әбу Насыр әл-Фарабидің тұжырымдары талай тұлғаны тәрбиелейтін басты құрал.