Qyran тұрғын үй кешенінде екі рет сату дерегі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Күдіктілер құрылыс компаниясының қызметкерлері болған кезінде Qyran тұрғын үй кешенінің пәтерлерін екі рет сатып, азаматтарды алдағаны анықталған.
"Қызметкерлер International Invest Company IIC ЖШС атынан азаматтарға жылжымайтын мүлікті сату құқығын растайтын макеттер, техникалық паспорттар мен құжаттарды көрсеткен. Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және тұрақ орындарын нарықтағы құнынан төмен бағамен сатып алу ұсынылған. Сатып алу-сату шарттарын жасасудың орнына күдіктілер мемлекеттік тіркеуге жатпайтын брондау шарттарын, кепілге беру туралы келісімді, алдын ала шартты ресімдеген. Алданған сатып алушылар күдіктілердің жеке шотына ақшаны аударған және қолма-қол төлем жасаған", - деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Компания қызметкерлерінің қылмыстық әрекеті салдарынан 8 млрд теңгеден аса шығын келген. Сот санкциясымен жалпы сомасы 7,4 млрд теңге болатын жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды.
Үш күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, төртіншісіне кепіл қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
