Шетелдік интернет-дүкендер арқылы келетін тауарларға салық салу көзделіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Электрондық сауда операторын құрудың басты мақсаты – шетелдік интернет-дүкендер арқылы келетін тауарларға бақылау орнатып, нақты статистика жүргізу. Қазіргі таңда ондай статистика жоқ, себебі бұл тауарлар жеке пайдалануға арналған деп есептеледі. Бірақ біз олардың нақты көлемін білуіміз керек”, – деді министр.
Оның айтуынша, жаңа жүйе арқылы декларация тапшылығы мәселесі де шешіледі.
“Бүгінде декларациялау міндеті – декларанттың мойнында. Ал жаңа жүйе енгізілген соң, бұл функция электрондық сауда операторына жүктеледі. Егер заң бұзылса, мысалы, жалған декларация толтырылса, жауапкершілік осы операторға артылады”, – деді ол.
Сондай-ақ Жұманғарин декларация үшін белгіленетін төлемдер туралы да айтты.
“Біз төрт-бес мың декларацияға есептелетін төлем көлемін жоспарлап отырмыз. Бұл – оператордың қызметіне байланысты төлем. Басқа ешқандай төлем көзделмеген”, – деді ол.
Министрдің айтуынша, шетелден жеке мақсатта тауар алуға қатысты бұрынғы жеңілдіктер сақталады.
“Қазір де, ертең де, егер тауардың бағасы 200 еуродан, салмағы 31 килограммнан аспаса, декларация тегін жасалады. Жеке тұлғалар ешқандай ақша төлемейді. Бірақ декларация міндетті түрде жасалуы керек – бұл есеп жүргізу үшін қажет”, – деді министр.
Ол қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшеріне де тоқталды.
“Бұрын ҚҚС мөлшері 12 пайыз болса, енді ол 16 пайыз болады. Егер тауар 200 еуродан асса, ҚҚС-қа қосымша тағы 5 пайыз кедендік баж салығы алынады. Яғни барлығы 17 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 15 пайыз”, – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, мұндай өзгерістер салықтық әділеттілік пен интернет арқылы келетін тауарлар ағынын реттеу үшін қажет.