Жыл соңында 35 жастағы қазақстандық кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп екі рет шетелдік ірі басылымдардың назарына ілінді. Шетелдік басылымдарда ол «аса танымал емес кәсіпкер» деп сипатталған. Әлемдік ауқымда бұл анықтама орынды көрінуі мүмкін, алайда Қазақстан ішінде олай деу қиын. Себебі 2021 жылдан бері ол - мемлекеттік тапсырыс аясында ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жүрген, Forbes.kz нұсқасы бойынша еліміздегі ең ірі жеке компаниялардың қатарына кіретін Integra Construction KZ компаниясының иесі. Осы шолуда біз Шахмұрат Мүтәліптің қандай активтерге ие екенін, оның компанияларында қанша қаржы айналып жатқанын және оны Шодиевтер әулетімен не байланыстыратынын қарастырамыз, деп хабарлайды Dalanews.kz "Shishkin_like"-қа сілтеме жасап.
Алдымен Bloomberg агенттігі оның «Қазцинк» тау-кен металлургия кәсіпорнындағы бақылау пакетін сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлады. БАҚ мәліметінше, кәсіпкер бұл үлес үшін шамамен 3,5 млрд доллар ұсынған.
Кейін Financial Times басылымы Мүтәліптің тағы бір ірі өнеркәсіп алыбы – Eurasian Resources Group (ERG) компаниясының 40 пайыз үлесін сатып алуға ниетті екенін жазды. Басылым дерегіне сәйкес, ол ERG-дің негізін қалаушылардың бірі Патох Шодиевпен және марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерімен олардың жиынтық үлесін 1,4 млрд долларға сатып алу жөнінде уағдаласқан. Осылайша Шахмұрат Мүтәліп бұл активтерге таласып отырған тағы бір үміткер – Шухрат Ибрагимовпен бәсекеге түскен. Айта кетейік, Люксембургте тіркелген ERG компаниясының 60 пайызы Шодиевтер, Машкевичтер және Ибрагимовтар әулетіне тиесілі болса, қалған 40 пайызы Қазақстан үкіметінің меншігінде.
Негізгі актив – Integra Construction KZ
Бизнес-тізілім деректеріне сәйкес, кәсіпорын 1997 жылы құрылған. Алғашында ол «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның еншілес ұйымы болып, «Жол жөндеуші» атауымен елдегі ең ірі теміржол салушы компания саналған. 2005 жылы жекешелендіріліп, алғашқы жеке құрылтайшысы «РемЖолСервис» ЖШС болды. Бұл компания бір кездері ERG құрылымына кірген, кейін «Қазцинкке» өткен «Жәйрем КБК»-мен аффилирленген.
Осы кезеңде компания тарихында Патох Шодиевтің жиені Орифджан Шадиевтің аты атала бастайды. Алдымен ол «Жәйрем КБК»-мен байланысы бар тұлға ретінде, кейін Integra Construction KZ-тің басшысы әрі иесі ретінде танылды. Орифджан Шадиев компанияны 2008–2012 жылдары басқарды, ал 2013–2021 жылдары оның бенефициарларының бірі болды. Оның туған інісі Бобур Шадиев 2020 жылы компанияның байқау кеңесінің мүшесі болған.
Шахмұрат Мүтәліп бастапқыда Шадиевтің жалдамалы қызметкері ретінде жұмыс істеген. 2020 жылы ол Integra Construction KZ-ті басқарды, тоғыз айдан кейін компанияның жалғыз меншік иесіне айналды. Қазір кәсіпкер активке жеке өзі және АХҚО-да тіркелген Management&Construction Ltd. жеке компаниясы арқылы иелік етеді.
2015 жылдан бері Integra Construction KZ бюджетке 70 млрд теңгеден астам салық төлеген. Ал рекордтық төлемдер биыл тіркеліп отыр – 21 млрд теңге. Компанияның Қазақстанның әр өңірінде орналасқан тоғыз филиалы соңғы 12 айда бюджетке тағы 4 млрд теңгеден астам қаржы аударған.
Adata.kz деректеріне сүйенсек, компанияның иелігінде ел аумағында жүздеген жер телімі мен жылжымайтын мүлік бар. Олардың бір бөлігі құрылыс саласына ғана емес, пайдалы қазбаларды өндіруге де қатысты.
Биыл алты жылдық үзілістен кейін Integra Construction KZ Forbes.kz жариялаған Қазақстандағы ең ірі жеке компаниялар рейтингіне қайта енді. Басылым мәліметінше, компанияның 2024 жылғы табысы 418,8 млрд теңгені, ал таза пайдасы 35,43 млрд теңгені құраған.
Компанияның қаржылық жағдайы, негізінен, мемлекеттік сатып алулар жүйесіндегі белсенді қатысуымен байланысты. Adata.kz деректеріне сәйкес, тек 2024–2025 жылдары ғана Integra Construction KZ 2,8 трлн теңгеге келісімшарт жасаған. Ал мемлекеттік органдармен жасалған барлық шарттардың жиынтық сомасы 4 трлн теңгеге жуықтайды.
Компанияның ең ірі тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ-ның «Ірі жобаларды іске асыру дирекциясы» филиалы. Бұл құрылым Integra-ға жалпы сомасы 3 трлн теңгеге жуық қаражат аударған. Атап айтқанда, компания Дарбаза – Өзбекстан шекарасы теміржол желісін, Достық – Алашанькоу аралығындағы екінші жолдарды, сондай-ақ Достық – Ақтоғай – Мойынты – Жарық – Жезқазған – Сексеуіл – Қандыағаш – Ақтөбе – Илецк бағытындағы ірі теміржол дәлізін жаңғырту жобаларын жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар Integra Construction KZ Алматыдағы инженерлік желілерді дамыту, Павлодар облысындағы «Қосақ» өткізу бекетін қайта жаңғырту, Мойынты – Қызылжар теміржол желісін салу секілді бірқатар ауқымды жобаларға қатысуда.
Компания «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының да мердігері. Бұған қоса, жақында Шахмұрат Мүтәліп өз қаражатына Бағанашылдағы балалар үйін жөндеуге 5 млрд теңге жұмсайтынын мәлімдеді.
Басқа активтер мен қоғамдық қызмет
Integra Construction KZ-пен салыстырарлық өзге ірі активтері болмаса да, Шахмұрат Мүтәліп бірнеше компанияның құрылтайшысы ретінде тіркелген. Олардың қатарында құрылыс саласындағы Kazakh Construction Group, энергетика және газ саудасына қатысты жаңа жеке компаниялар бар.
Сонымен бірге кәсіпкер қоғамдық салада да белсенді. 2024 жылдан бері ол Қазақстан бокс федерациясының президенті, ал 2025 жылдың сәуірінен бастап ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті атқару комитетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті қызметін атқарады. 2025 жылғы қазанда Мүтәліп «Атамекен» ҰКП президиумы жанындағы құрылыс және ТКШ комитетінің төрағасы болып сайланды.
Шетелдік БАҚ «аса танымал емес кәсіпкер» деп атаған Шахмұрат Мүтәліптің Ақордада жиі қабылдануы да назар аударарлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны биыл бірнеше рет – бокс федерациясының басшысы, Integra Construction KZ-тің бенефициары және отандық ірі бизнес өкілі ретінде қабылдады.
