"Шешуші кезең". Әскерде жарақат алған Ербаян емделу үшін Ыстанбұлға аттанды

Ақтоты Жапатова 03 қыр. 2025 14:00

Ұлттық ұлан сарбазы, қызмет барысында ауыр бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтар оңалту курсының екінші кезеңінен өту үшін Ыстанбұлға ұшып кетті,- деп хабарлайды Dalanews.kz 

Бұл туралы сарбаздың адвокаты Инга Иманбай жазды. Оның айтуынша, Ербаян ата-анасымен бірге бүгін таңғы сағат бесте Ыстанбұлға аттанған. Алдағы үш айда ол толыққанды реабилитация курсынан өтпек.

– Бұл Ербаян үшін шешуші кезең. Бір жыл ішінде ол ата-анасының ғана емес, бүкіл халықтың ұлына айналды. Оның тағдыры мыңдаған адамның жүрегіне әсер етті. Егер алғашқы емдеу кезеңі халықтың қолдауымен жүзеге асса, бұл жолы мемлекет үлкен көмек көрсетті. Қымбат әрі аса маңызды емге үш айлық қаржыландыру бөлінді, ал ұшуды Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері ұйымдастырды, – деді Инга Иманбай.

Адвокат сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға және генерал Қайрат Өмбетовке қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, алғашқы емдеу кезеңінен кейін де халық жиналған қаражаттың бір бөлігі қалған. Ол болашақта Ербаянның әрі қарайғы оңалтуына жұмсалуы мүмкін.

– Алда үш айлық сынақ тұр. Бұл бізді ең үлкен арманға – Ербаянды аяққа тұрғызып, оның даусын естуге жақындатады. Қанша уақыт қажет болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ халықтың қолдауымен, ата-анасының қайсарлығымен және дәрігерлердің еңбегімен біз сол күнге жетеміз деп сенемін, – деді адвокат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар