Президент Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік қызметшілерді жауапкершіліктен қашпай, жылдам шешім қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның пікірінше, шенеуніктердің көп ретте ұзақ келіссөздер жүргізуі – “Антикордың ықтимал қысымынан қорқуымен” байланысты болуы мүмкін.
Мемлекет басшысы инвестициялық штабтың жекелеген жобаларды жүзеге асыруды жеделдеткенін құптағанымен, еліміздегі инвестициялық ахуалды жалпы жүйелі түрде жақсарту керектігін атап өтті. Тоқаевтың пайымдауынша, қазіргі үкімет “әлдеқайда жылдам жұмыс істеуге” тиіс.
“Ұзаққа созылған келісімдер көбіне-көп мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік алуға жүрексінуімен байланысты. Бұл, бәлкім, Антикордың барлығын титықтатып, қорқытуынан шығар”, – деді Президент.
Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның (Антикор) кейде мемлекеттік аппаратты “тым сақтыққа” бой ұрғызып, маңызды шешімдерді кейінге қалдыруға мәжбүрлегенін меңзеді.
“Бұл мәселені анықтап алу керек. Бірақ, қалай болғанда да, шешім қабылдау қажет”, – деді ол.
Президент бұған қоса Үкіметке едәуір құзырет берілгенін еске салып, енді министрлер мен әкімдер әкімшілік тарапынан араласуды күтпей, өз бетінше нақты шаралар қабылдауы тиіс екенін айтты.
Оның сөзінше, мұндай қадам мемлекет саясатын икемді жүзеге асыруға және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді.