Шерзат ісінде маңызды ақпараттар айтпақ болған Нұрқанат туралы не белгілі?

Көркем Алдабергенова 10 жел. 2024 10:29 922

9 желтоқсан күні Талғарда жаппай төбелес кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың отбасында тағы бір трагедия болды. Шерзаттың туыс ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылды. Нұрқанат туралы не белгілі? Dalanews.kz тілшісі шолу жасады. 

Нұрқанат Ғайыпбаев - Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың інісі. 30 жастағы Нұрқанат  9 желтоқсанға қараған түні Талғар маңында өлі табылған. 

Болжам бойынша суицид жасалған

Полицияның болжамы бойынша, ол суицид жасаған. Денесінде зорлық белгілері болмаған. Нұрқанаттың денесі бейіттің жанынан табылған.

Нұрқанат алдын ала мессенджер арқылы хат жазған. Хатында ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған.

Күдіктілер қанды оқиға болған түні Нұрқанатты өлтірмек болған

Биыл 15 қараша күні жәбірленуші тараптың қорғаушысы Марал Жайлаубаева қанды оқиға болған түні күдіктілер марқұм Шерзаттың ағасы Нұрқанатты да өлтіруге оқталғанын хабарлаған болатын. 

"Біз Нұрқанатты өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз. Бұл өтініш қазір тергеу органдарымен қаралуда. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер мен күдіктілердің ортасында беттестіру өткізіліп, қазіргі таңда тағайындалған сараптамалардың қорытындыларымен біз танысудамыз", - деді адвокат.

Желідегі ақпарат бойынша, Нұрқанат Шерзаттың өліміне қатысты істі тергеуде маңызды рөл атқарған. Ол жәбірленуші болған және сотта маңызды куәлік беруге дайындалып жүрген екен. Оның кенет қаза болуы отбасы мен адвокаттар тарапынан көптеген сұрақтарды туындатуда.

Нұрқанаттың туыстары суицид деген болжамға сенбейді

Ғайыпбаевтың денесінде зорлық белгілері анықталмағанымен марқұмның отбасы ол суицид жасады дегенге сенбейді. Бұл туралы Нұрболат Ғайыпбаевтың әпкесі тілшілерге айтқан. 

Қазіргі таңда марқұмның отбасы бұл жайтқа қатысты қосымша пікір беруден бас тартып, қандай да бір түсірілім жасауға тыйым салған. Олардың сөзінше, Нұрқанаттың денесі мәйітханада, ал полиция тергеу жүргізіп жатыр. 

Шерзат Болаттың отбасын полиция күзететін. Ал Нұрқанат Ғайыпбаевтың өзі түнгі уақытта шығып кеткен екен. 

Марқұм Шерзат Болаттың отбасы да Талғар маңынан өлі табылған туысы Нұрқанат Ғайыпбаевтың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді. Бұл туралы Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов айтып берген. 

Қаржаубай Нұрымовтың сөзінше,Нұрқанат хат жазғаннан кейін олар бес адам болып Ғайыпбаевты іздеуге шыққан. Алдымен Талғардағы зират аумағы алдынан марқұм мініп кеткен көлікті тапқан. "Есігі ашық болды, ішінде ұялы телефоны жатты" деді Қаржаубай Нұрымов. Оның сөзіне қарағанда, зират алдында жар бар, інісі сол жерден төмен түскенін жердегі ізден анықтаған.

– Біз түнде келгенде қар жауып тұрған, жардан түсіп, 500-700 метр жерде жол бойындағы қуысқа барып, талдың жиегіне отырып, өліп қалған. Мойнында сым тұрған. Құзырлы органдарға кеше бәрін түсіндірдім. Екі сағаттан артық жан-жақты іздедік. Мына жардың биіктігі – 7-8 метр, осыдан сырғып түскен. Бауырымның өлемін деген ниеті болған емес. Қандай шындықты айтып жатсақ да, бізді қаралап жатқан адамдар бар. Сол үшін артық ештеңе айтқым келмейді, – деді Қаржаубай Нұрымов Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

Шерзатқа қатысты оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Нұрымов "әділ сот болады деп күтіп жүрдік" деді.

– Сараптама "өзіне қол жұмсады" дейді. Оны қосымша талдауға зерттеуге жіберемін. Қандай жағдай болса да біз ешкімді өлтірген жоқпыз, – деді Нұрымов.

Талғардағы зиратта Шерзат Полаттың бейітінің қасынан тағы бір қабір қазылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар