Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша қорғануға құқығы бар куә ретінде танылған Эльмира Нұрбекова адвокат Джохар Утебековтің үстінен шағым түсірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат Джохар Утебековтің айтуынша, ол Шерзат Полат ісі бойынша өткір пікір білдіріп жүргені үшін үстінен шағым түскен. Шағым Алматы қалалық адвокаттар алқасына жолданған.
– Мен шағымның полиция қызметкерінің нұсқауымен жазылғанын аңғардым. Себебі мәтін полиция жаргоны мен «өз қолыммен жазылды» деген сияқты құқықтық терминдерге толы. Ең қызығы – Нұрбекова ханым полицияны, прокуратура мен сотты қорғайды. Ол мені құқық қорғау органдарына қысым көрсетіп, жалған ақпарат таратып жатыр деп есептейді. Бірақ оның не себепті солардың адвокатына айналғаны түсініксіз. Меніңше, оны бұл іске біреулер пайдаланып отыр. Әйтпесе, өз бетімен мұндай қадамға бара қоятын адам емес, – деді Джохар Утебеков «Гиперборей» YouTube арнасына берген сұхбатында.
Эльмира Нұрбекова былтыр Талғардағы жаппай төбелес кезінде қылмыстық іске қатысы бар деген тоғыз адаммен бірге оқиға орнында болған. Кейіннен куәгер ретінде танылып, жауап алынған. Ол кезде өзін шок жағдайында болғанын айтқан. Алайда сотта көрсетілген бейнежазбада оның оқиға туралы күліп айтып отырғаны байқалған. Осыған байланысты прокурор Дана Сәрсенбай соттан Эльмира Нұрбекова мен тағы бір куәгер Дана Жақсыгелдіге қатысты жеке қаулы шығарып, қосымша тергеу жүргізуді сұраған.
5 маусым күні үкім оқыған сот прокурордың бұл өтінішін қанағаттандырды. Іс бойынша басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға, Равиль Сәкиев 20 жылға, Азамат Тоқтаубаев 15 жылға, Нұрқияс Ілиясов 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған айыпталушылар – Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев және Дидар Қалиахмет 7 жылға сотталды. Кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа 1,5 жыл жаза кесілді.