Шерзат ісі: Адвокат тағы төрт адамға қатаң айып тағуды ұсынды

Көркем Алдабергенова 30 мам. 2025 11:15

Шерзат Полаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева сотталушыларға тағылған айыпты ауырлатуды сұрады. Оның айтуынша, Шерзаттың өліміне тек негізгі айыпталушы Абзал Шынасыл ғана емес, басқа да қатысушылар тікелей себепкер болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, сотта жауап берген сарапшылар Шерзаттың кеуде тұсына тиген пышақ жарақаты салдарынан көп қан жоғалтып көз жұмғанын нақтылаған. Егер оқиға орнында дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, қан жоғалтудың орнын толтыру мүмкіндігі болса, оның өмірін сақтап қалуға болар еді.

Соған қарамастан, тергеу органдары пышақ салу әрекетін тек Шынасылдың мойнына жүктеп, қалған сотталушыларға тек «бұзақылық» бабымен айып тағып отыр. Адвокат Әжіғалиева бұған келіспейтінін білдіріп, Шерзаттың әлсіреп, жерде қансырап жатқан сәтінде анасы мен ағасы жедел жәрдем шақырып, ұрып-соғуға қарсылық білдіргенімен, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және Равиль Сакиевтің оған бірнеше рет қол-аяғымен соққы жасағанын алға тартты.

Осыны негізге ала отырып, адвокат Шерзаттың жарақат алуына тікелей қатысы бар деп танылған Әскентай, Тоқтаубаев, Белғожаев, Ілиясовқа тағылған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігін (бұзақылық) 24-баптың 3-бөлігі және 99-баптың 2-бөлігінің 3,5,7,9-тармақтарына, яғни топтасқан түрде, аса қатігездікпен, бұзақылық ниетпен, жәбірленушінің дәрменсіз күйде екенін біле тұра адам өлтіруге оқталу бабына ауыстыру қажет деген ұсыныс жасады. Ал Сакиевке бұл айыпты одан да ауыр нұсқада – екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған осындай қылмыс ретінде саралау керегін айтты.

Айта кетейік, Сакиевтің өзі қазірдің өзінде ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі және 99-баптың 2-бөлігі 7 және 9-тармақтары бойынша (адам өлтіруге оқталу) айыпталып отыр.

Адвокаттың бұл өтінішін мемлекеттік айыптаушылар қолдамауды сұрады. Ал Шынасылдың қорғаушысы Әбенов өтінішті қолдап, клиентінің бұл іске алдану арқылы тартылғанын және жауапкершіліктің барлығын жалғыз оған артып отырғанын жеткізді. Қалған айыпталушылардың адвокаттары айыптауды қайта қарауға негіз жоқ деп есептейді.

Судья Ержан Жанұзақов мемлекеттік айыптаушылардың жаңа айыптау актісін әзірлеу үшін уақыт сұрамағанына сүйене отырып, жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар