Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс жақын күндері сотқа жіберілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алайда негізгі сот процесінің қашан басталатыны туралы нақты ақпарат берілмеді.
“Шерзат Полат ісі қазір прокуратурада зерделеніп жатыр. Осы аптада сотқа жолданады деп күтіп отырмыз. Бұдан әрі бұл іс соттың құзырында болады. Судья тағайындалып, басты сот талқылауын жүргізетін болады. Алдағы уақытта сот өкілдері толыққанды түсініктеме береді деп ойлаймын”, – деді Әділов.
Бұған дейін аталған қылмыстық істің тергеуі аяқталғаны хабарланған еді. Тергеу материалдарының жалпы көлемі 62 томды құрайды. Оның ішінде барлық жиналған дәлелдемелер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.
Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді, тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді.
Тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болды.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағвсы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.