Шерзат Болаттың өліміне қатысты сот процесінде жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев сотқа куәгерлердің әрекетіне назар аударуды сұрады. Ол сотта Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдінің жауаптарына қатысты жеке қаулы шығарып, істі Алматы облысының прокурорына жолдауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Эльмира Нұрбекова сот процесінде көрінеу жалған айғақ бергені және аса ауыр қылмысты жасырып қалғаны үшін жауапқа тартылуы тиіс”, — деді қорғаушы.
Оның айтуынша, бейнебақылау жазбасына сүйене отырып толтырылған хаттамада Нұрбекованың сотталушыларға тәуелді болмағаны көрініп тұр. Ол оқиға орнында Toyota Land Cruiser Prado көлігінде отырған, ұялы телефонын еркін пайдаланған, тіпті сотталушылармен қалжыңдасып, ашық әңгімелескен.
“Ол оқиға барысын емін-еркін талқылап, өз пікірін білдіріп отырған. Бұл жағдай оның қандай да бір қысымға ұшырамағанын көрсетеді. Бұл дерек сотта жауап берген Нұрқияс Ілиясовтың сөздерімен де сәйкес келеді”, — деп түйіндеді адвокат.