"Шекараны ойлау қажет". Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында не деді?

Dalanews 19 мам. 2021 11:37 955

19 мамырда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Елбасы сайтының келтірген мәліметінше, отырыс барысында Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды 2030 жылға дейін құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы қаралып, сондай-ақ шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жағдайдағы әскери құрылым мен Қарулы Күштердің конфигурациясында жаңа тәсілдерді әзірлеу қажеттілігін атап өтті.

Біз барлық көршімен берік достық қарым-қатынас және жетекші державалармен берік әріптестік орнаттық. Сонымен қатар мықты әскер – ел қауіпсіздігінің маңызды кепілі, - деді Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.



Елбасы бүгінде асимметриялық және гибридті қатерлерді тойтаруға дайындық, жаңа технологияларды енгізу және әскери процестерді басқаруды автоматтандыру маңызды мәнге ие болып отырғанын мәлімдеді.

Біздің Қарулы Күштеріміз егемендік пен аумақтық тұтастықты, ұлттық мүдделерді қорғауға қабілетті болуы керек. Осының бәрі таяудағы онжылдықта әскерді дамытуды жоспарлау кезінде ескерілуі тиіс, - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.

Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін шешу Шекара қызметінің жұмысын және шекараны қорғау әдістерін жетілдіруді ғана емес, сондай-ақ экономикалық, ақпараттық, қоғамдық және әскери қауіпсіздік бағыттарына байланысты жүйелі шараларды талап ететінін атап өтті.


– Шекараны қауіп-қатердің барлық түрлерінен сенімді түрде қорғауды қамтамасыз ету қажет. Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің құрылымы үндестіріліп, бірыңғай стандарттар бойынша жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар біз шекара қауіпсіздігі мәселесін кешенді, жүйелі түрде қарауымыз керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, елдің аумақтық-кеңістік дамуының басымдықтары шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттермен сәйкес келуі тиіс.

...

Бұған дейін "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында сөйлеген Ресей парламентінің білім және ғылым комитетінің жетекшісі Никонов "Қазақстан аумағы – Ресейдің берген үлкен сыйы" деп мәлімдеген. Нақтырақ айтқанда: 

"Қазақстан болған жоқ, Солтүстік Қазақстанда бұрын мүлде халық қоныстанбаған еді. Олар болған, бірақ оңтүстікке жақын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы - Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы", - деген еді Ресей саясаткері. 


Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып, наразылық нотасын тапсырған.

"Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және Ресей Федерациясының мемлекет қайраткерлерінен мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады" деп жазылған СІМ таратқан ақпаратта.

Ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың сөзі қазақстандықтарды да бей-жай қалдырмады. Жүздеген адам депутаттың Instagram-дағы парақшасында пікір қалдырды.

Кейін депутат Вячеслав Никонов Қазақстан халқына "ыстық ықылас" білдіретінін айтты.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар