Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділманов бостандыққа шықты

Dalanews 08 там. 2025 11:00

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бұрынғы директоры, сотталған Дархан Ділмановтың бостандыққа шыққаны туралы хабар тарады. Ол 2014 жылдың қазанынан 2022 жылдың сәуіріне дейін аталған қызметке жетекшілік етіп, сол жылы маусым айында тұтқындалған болатын, деп хабарлайды Dalanews.kz kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Өткен жылдың желтоқсанында Әскери сот оны "билігін асыра пайдаланып, мемлекетке орасан зор шығын келтірді" деген айыппен төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді. Сонымен қатар сот үкімімен генерал-лейтенант шенінен, II дәрежелі "Айбын" орденінен және "ҚР ҰҚК ардагері" атағынан да қағылған-ды. Бұл іс бойынша одан бөлек тағы бірнеше лауазымды тұлға жауапқа тартылып, оларға айыппұлдан бастап, бостандығын шектеу мен айыру жазасы тағайындалған.

Қылмыстық істің тұтануына қазақ-қытай шекарасындағы өткізу бекеттерінде анықталған заңсыздықтар себеп болған. Алматы гарнизонының Әскери соты келтірген дерекке сүйенсек, Д.Е. есімді азамат Ділмановқа Қытайдан Қазақстанға заңсыз жүк тасымалдаудың айла-шарғысын ұсынып, одан белгілі бір мөлшерде табыс түсіп тұратынына уәде берген. Осы заңсыз әрекеттің кесірінен жүк көліктері шекарадан тысқары шықпай, жалпы кезекті айналып өтіп, 1750 рет айналмалы рейс жасаған. Салдарынан мемлекет қазынасына ірі көлемде залал келгені анықталды.

Дархан Ділманов 1969 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Мәскеу жоғары шекара командалық училищесін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін және РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің Шекара академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1986 жылы бастап, ҰҚК шекара әскерінде офицерлік қызметтер атқарды. 1998 жылдан 2014 жылға дейін Шекара қызметінде түрлі басшылық лауазымда болып, соңғы сегіз жылда қызмет директоры қызметін атқарды


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар