Миланда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров тарихи жеңіске жетіп, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
13-інен 14 ақпанға қараған түні ерлер арасындағы жекелей сырғанауда Шайдоров еркін бағдарлама қорытындысы бойынша 198.64 ұпай жинап, қысқа бағдарламамен қоса есептегенде 291.58 ұпаймен бірінші орынға шықты. Осылайша, ол Қазақстан құрамасына осы Олимпиададағы алғашқы алтынды ғана емес, ел тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын жүлдені сыйлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Шайдоровты қысқы Олимпиада чемпионы атануымен құттықтады. Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы бұл жеңісті тарихи маңызы бар орасан жетістік деп атап, спортшының жоғары шеберлігі мен жеңіске деген жігеріне алғыс білдірген.
Президенттің тапсырмасымен Михаил Шайдоров II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталмақ. Сонымен қатар, жаттықтырушылар құрамы мен салалық министрлік басшылығының еңбегі де ерекше аталып, ризашылық білдірілді.
Олимпиада алтыны Қазақстан спортының жаңа кезеңін ашты.
