Шаруалар көктемгі дала жұмыстарын несиелеуге 117 миллиард теңгенің өтінімін берді

Dalanews 08 ақп. 2023 14:06 886

Астана қаласы 8 ақпан 2023 жыл
Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарына бюджеттік несие беру жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Аграрлық несие корпорациясы"АҚ баспасөз қызметі.

2023 жылы "Кең дала" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 140 миллиард теңге бөлінді. Өтінімді қабылдау басталғалы 2 аптаның ішінде шаруалардан жалпы сомасы 117,1 миллиард теңгеге 3 мың 321 өтінім келіп түсті. Тағы 1 мың 128 фермер құжат жинау сатысында.
Қаржының көп бөлігі – 7,9 миллиард теңге несие серіктестіктері арқылы берілді. Микроқаржы ұйымдары арқылы фермерлер 800 миллион теңге рәсімдеген. Биыл несие алуды жеңілдету және жеделдету мақсатында Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруды тек несие серіктестіктері, екінші деңгейдегі банктер және микроқаржы ұйымдарын қорландыру арқылы жүзеге асырып жатыр. Агроөнеркәсіп субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық бес пайыздан аспайды.
Бұл қаражат жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер, минералды тыңайтқыш, тұқым сатып алуға және егін егу мен жинауға арналған өзге де іс-шараларға жұмсалуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдан бастап бағдарлама шарттары бойынша алғаш рет несиелеу мерзімі келесі жылдың көктемінің басына дейін ұзартылды, бұрын несиелеу мерзімі қаржыландыру жылымен шектелген болатын.
Сонымен қатар, оңтүстік аймақтар алғаш рет өткен жылдардағыдай сәуір айында емес, алдын-ала, яғни былтыр желтоқсанда қаржыландырылды. Сондай-ақ, 1 гектарға жұмсалатын шығыстар нормативінің мөлшері орта есеппен 25% - ға ұлғайтылды.
Несиелеу бойынша толық ақпаратты Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалдарында немесе www.agrocredit.kz сайтынан алуға болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар