Судан қуат өндіретін кәсіпорын қазір түбегейлі жаңғырту бағдарламасы арқылы жұмыс бастаған. 2020 жылдың наурыз айына дейін 4 су агрегатының барлығы жаңартылады.
Олар Кеңес кезеңінен келе жатқан ескі турбиналар. Шамамен жарты ғасырдан бері жұмыс істеп тұр. 4 гидроагрегат іске қосылса, онда сағатына 126 МВт, ал тәулігіне 3 миллион 24 мың кВт сағат ток өндіріледі. Шардара су электр станциясы қазірдің өзінде қолданыстағы 2 су агрегатымен сағатына 50 МВт тоқ өндіруде. Су қоймасында 2 миллиард 807 миллион текше метр су бар.
«Қазір тіршілік нәрін қорға жинайтын кезең», – дейді мамандар. Ал су электр станциясында түбегейлі жаңғырту жұмысы қарқын алған.
Мұнда төрт су агрегатының біріншісі пайдалануға беріледі. Технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталған. Енді негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Бақытбек Жаңабаев, Шардара су электр станциясының басшысы: «Шардара су электр станциясының жалпы қуаттылығы қазіргі таңда 100 МВт. Ал түбегейлі жаңғырту жұмыстарынан өткен соң, станцияда қуат өндіру 126 МВт ұлғаяды. Мұндағы әр су агрегаты қазір 20 МВт тоқ берсе, жаңғыртудан соң 32-35 МВт қуат өндіре алатын болады. Мақсатымыз – отандық электр энергия саласына өз үлесімізді қосу».