Алматы қаласындағы обсерваторияда орналасқан телескоптың көмегімен ашылған 67Р/Чурюмова-Герасименко кометасын жан-жақты зерттеген Еуропаның ғарыш агенттігі (ESA) оның ішіндегі үлкен кеуектер шаң-тозаңға толы екенін мәлімдеді.
Осылайша мамандардың үлкен кеуектерде пайдалы минералдар болуы мүмкін деген үміті ақталмады. Ғалымдар кометаны зерттегенде, оның кәдуілгі пиязға ұқсас бірнеше қабаты бар екенін анықтаған. Әр қабат бір-біріне мүлде ұқсамайтын көрінеді. Комета үлкен көрінгенімен, оның іші кеуек қуысқа толы болып шықты.
Аспан денесін Rosetta құрылғысымен зерттеген ғалымдар кометадағы кейбір қуыстардың ұзындығы 100 метрге дейін жететініне көз жеткізген. О баста ғалымдар кеуек қуыстарда түрлі минералдар түзілуі мүмкін деп байлам жасаған еді. Өкінішке қарай, қуыстарда шаң-тозаңнан басқа ештеңе жоқ болып шықты. Сондай-ақ, астроном ғалымдар кометаның 25 пайызын мұз болып қатып қалған сұйықтық құрайтынын да алға тартты.