Оңтүстік Корея Украина майданында Ресей жағында соғысқан және Украина әскерінің қолына түскен Солтүстік Корея сарбаздарын қабылдауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сеулдің Сыртқы істер министрлігі әскери тұтқындар өз еркімен Оңтүстік Кореяға көшуді қаласа, оларды қабылдап, қорғауға дайын екенін хабарлады. Сонымен қатар, ведомство тұтқындарды олардың келісімінсіз Ресейге немесе Солтүстік Кореяға қайтаруға қарсы екенін мәлімдеді.
Оңтүстік Корея Конституциясына сәйкес, Солтүстік Корея азаматтары да Корея Республикасының азаматтары ретінде қарастырылады. Сондықтан Пхеньяннан қашып шыққан азаматтарға азаматтық беру тәжірибесі бұрыннан бар. Сарапшылардың айтуынша, дәл осы қағида Украинадағы тұтқын сарбаздарға да қолданылуы мүмкін.
Бұған дейін Украинада ұсталған екі солтүстіккореялық әскери қызметкер Оңтүстік Кореяға баруға ниетті екенін білдірген. Сеул мен Киев бұл мәселе бойынша бірнеше айдан бері консультациялар жүргізіп келеді.
Human Rights Watch ұйымы олардың Солтүстік Кореяға күштеп қайтарылуы халықаралық құқық нормаларын бұзуы мүмкін екенін ескерткен. Құқық қорғаушылардың пікірінше, елге оралған жағдайда сарбаздарды азаптау, мәжбүрлі еңбекке жегу немесе тіпті өлім жазасы күтуі ықтимал.
Украина тарапының мәліметінше, Ресей әскери тұтқын алмасу кезінде басқа шетелдік жалдамалыларға қызығушылық танытпағанымен, дәл солтүстіккореялық сарбаздарды қайтару мәселесін бірнеше рет көтерген.
Сарапшылар бұл қадам Сеулдің адам құқықтарын қорғау саясатының жалғасы ғана емес, сондай-ақ Корея түбегіндегі ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан идеологиялық текетірестің жаңа көрінісі екенін айтады.